Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ активінің құқықтық мәдениетін қалыптастыруды жалғастыруда

ҚР Кәсіподақтар федерациясының онлайн білім марафоны аясындағы кезекті семинар бүгін Ақмола облысы мен  «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ Нұр-Сұлтан қаласы филиалындағы кәсіподақ активіне арналды.

Шараны федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, қатысушыларға  семинар тақырыптары мен дәріскерлерді таныстырды және марафонның маңызына тоқталды.

«Марафон аясында жыл басынан бері онлайн, оффлайн режимдерінде түрлі деңгейде 300-ге жуық кездесу өткізілді. Оларға еліміздің әр өңірінен және федерация құрамындағы кәсіподақ ұйымдарынан  9 мыңнан астам адам қатысты. Бүкіл өңірді, кәсіподақ ұйымдарының барлық деңгейін қамтыдық. Өздеріңізге белгілі, кәсіподақ кадрларының, кәсіподақ активінің және кәсіподақ мүшелерінің жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетін қалыптастыру федерацияның стратегиялық міндеттерінің бірі. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмысты одан әрі қарқынды түрде жалғастыратын боламыз»,- деді Нұрлан Өтешев».

Семинарды ҚРКФ-ның Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов жалғастырып, «ҚР Еңбек кодекіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның нормаларын түсіндірді.

«Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда қашықтан жұмыс істеу көбейді. Қашықтан жұмыс істеу режимі  Қазақстанда бұрын да қолданылды және жұмыстың бұл форматы Еңбек кодексі арқылы реттеліп келді. Алайда кодексте «шикіліктер» болды. Сондықтан ҚР Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты аталған еңбек қатынасын реттеу қажеттігін айтып, кодексті жетілдіру үшін жаңа заң жобасына бастамашылық етті. Мәселен, кейбір жұмыс берушілер қашықтан жұмысқа көшірілген жұмыскерлерге жалақыны  толық көлемде төлемеген жағдайлар болды. Қазір қашықтан жұмыс істеген кезде жалақы жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде негізделген жұмыс көлемін орындаған кезде толық мөлшерде төленеді.  Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген бұл норма заң жобасына   Мәжілістегі кәсіподақтық депуттар арқылы енгізілді »,- деді Тимур Нұғыманов.

Ол сонымен қатар,  заңға сәйкес кодексте аталған жұмыс түріне қандай анықтама берілгенін, уақытша және аралас жұмыс ұғымдарын, жұмыс уақыты, жұмыскер мен жұмыс берушінің жауапкершіліктерін түсіндіріп берді. Тимур Нұғыманов сонымен қатар, федерацияда  Еңбек кодесін жетілдіру бойынша жұмыстың жалғасып жатқанын, осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылғанын еске салып, ұсыныстар болған жағдайда федерацияға жолдауды сұрады.

Семинарды  әрі қарай Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова жалғастырды. Ол Павлодар мен Ақмола облыстарында 6 еңбек дауының сот органдарында қалай шешілгенін әңгімелеп берді. Аталған еңбек дауларының бірі қашықтан жұмыс істеуге қатысты болды.

«Павлодар облысындағы кәсіпорындардың бірінде қашықтан жұмыс істеу режиміне байланысты туған еңбек дауы азаматтық іске ұласып, Жоғарғы Сотта ғана шешімін тапты.  Жоғарғы Сотқа дейін жеткен істер туралы көбісі біле бермейді әрі қашықтан жұмыс істеу режимінің өзектілігі артты және  құқықтық тұрғыдан реттеу жетілдірілді. Сондықтан жұмыскер қашықтан жұмысқа ауыстырылғанда қандай сұрақпен бетпе-бет келулеріңіз мүмкін екенін ескеріп, осы істі мысалға келтіріп отырмын. Жалпы осы  6 еңбек дауы бойынша соттың шешімдері заңды күшіне енген.  Күнделікті жұмыста осындай сұрақтар туындағанда аталған соттық тәжірибелерге сүйенуге болады»,- деді Марина Иванова.

ҚРКФ-ның  Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинар қатысушыларына еңбек заңнамасының қолданылу тәжірибесі туралы баяндады.

«Қолданыстағы Еңбек кодексімен өмір сүріп келе жатқанымызға бесінші жыл. Бұған дейінгі Еңбек кодексі 2007-2016 жылдарды қамтыды. Салыстырмалы түрде алғанда, қолданыстағы кодекс кемшін. Осының кесірінен жұмыскерлердің жағдайы нашарлады. Қазір Кәсіподақтар федерациясы кодексті жетілдіру бойынша жұмыс жасауда. Арнайы жұмыс тобы өзгерістер мен толықтыруларды әзірледі. Солардың қатарындағы Еңбек Адамы үшін өмірлік маңызы бар бірқатар құнды ұсыныстар Еңбек кодексіне енгізіледі деген сенімдеміз. Сондықтан бүгінгі тақырып кәсіподақ активі тарапынан ұдайы сұранысқа ие тақырыптардың бірі»,- деді Ләззат Есжанова.

Өз кезегінде  семинарға қатысушылар мазмұнды дәрістер үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып,  марафонның  алдағы уақытта да жалғасын табатынына үміт білдірді. Естеріңізге салайық, кәсіподақтық онлайн білім марафоны биыл қолға алынған шара. Марафон аясындағы семинарлар онлайн режимінде әр сейсенбі және бейсенбі сайын өткізілуде.