«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Шымкенттегі қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша басқармасы қызметкерлерімен кездесті

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Шымкент қаласындағы  Мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша басқармасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

Онлайн кездесуге «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов,  Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, басқарма басшысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы мен еңбек ұжымы қатысты.

«Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі – салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін, әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аударуды қамтамасыз ету,  ҚР заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органы. Басқарма өз қызметін ҚР Конституциясына және заңдарына, ҚР Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

Мекеме  басшысы Бағдаулет Әшеновтің айтуынша,  басқарма биылғы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджет жоспарын 107 пайызға орындаған.

«Бюджетке 1 914,8 млн. теңгені артық қамтамасыз еттік. Бекітілген жоспар 41 895,1 млн.теңге болатын. Есепті мерзімде нақты түскені 43 078,9 млн. теңге. Оның ішінде республикалық бюджет бойынша бекітілген жоспар 100,3 пайызға орындалып, бюджетке 74,2 млн. теңге артық түсті. Жергілікті бюджет бойынша бекітілген жоспар 110,4 пайызға орындалып, бюджетке 1 843,5 млн. теңге артық ѳндірілді (жоспар 17 716,9 млн.теңге болса, нақты түсім 19560,5 млн.теңге)»,-деді басқарма басшысы.

Басқармадағы бастауыш кәсіподақ ұйымы 2019 жылғы 25 қарашада құрылған. Төрайымы Раушан Асембекова мәлім еткендей,   кәсіподақ мүшелерінің саны – 57 яғни кәсіподақ мүшелігімен қамту көрсеткіші 100 пайыз. Ұйым  «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының құрамына кіреді. Басқармадағы  жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартқа негізделген. Жарнаның 70 пайызы  бастауыш кәсіподақ ұйымында қалады. Төрайымның айтуынша, биыл жарнадан түскен қаржының 1 млн-ы әлеуметтік қолдауға жұмсалған.

«Атап айтқанда, кәсіподақ жарнасының есебінен, 24 қызметкерге отбасылық жағдайларына байланысты 220,0 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. 6 қызметкерге 660,0 мың теңгеге, оның ішінде мекеме тарапынан 4 адамға тегін, басқарманың кәсіподақ комитеті және филиал тарапынан 2 адамға 30%, ал 70% жеңілдікпен  шипажайларға жолдамалар берілді. Бұның сыртында тұрмысы төмен, көп балалы батыр ана, жалғыз басты ана мен жалғыз басты әке, асыруашысынан айырылған, мүгедектік топтағы, мүгедек балалары бар отбасы мүшелеріне әлеуметтік көмек көрсетілді. Жалпы 8 отбасына 120 мың теңге көлемінде қайрымдылық жасалды»,-деді бастауыш ұйымының төрайымы.

Кездесуде еңбек ұжымының қала бойынша қоғамдық жұмыстар мен спорттық-бұқаралық іс-шаралардың белсенді қатысушысы екені де айтылды.

«Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов бастауыш кәсіподақ ұйымының ҚРКФ-ның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жариялаған «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауының Шымкент қаласы деңгейіндегі жеңімпазы екенін,  «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі жариялаған «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауында да жеңіске жеткенін айтты. Ол жыл басынан бері қалада 18 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылғанын, қатарға 693 кәсіподақ мүшесінің қосылғанын жеткізді. Сонымен қатар, таяуда өткен салалық кәсіподақтың Атқарушы комитетінің отырысында  филиал жұмысының да  үздік деп жарияланғанын хабарлады. Серік Әуесханов ҚРКФ басшылығына «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының жұмыскерлердің кәсіподақтарға деген сенімін арттырып жатқанын айтып, акцияны келесі жылы да жалғастыруды ұсынды.

Өз кезегінде «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов жоғарыда айтылғандарды қуаттап, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы мен  филиал төрағасына қажырлы еңбектері үшін,  басқарма бастығына әлеуметтік әріптестікті дамытудағы жемісті ынтымақтастығы үшін  ризашылығын білдірді.

«Кеше біз Атқару комитетінің отрысын өткізіп,  үш облыстағы филиалымыздың жұмысын тыңдадық. Солардың арасында Шымкент филиалының жұмысы үздік деп танылып, олардың тәжірибесін республиканың өзге өңірлеріне тарату қажет деп шештік. Кейбір салалық кәсіподақтарда кәсіподақ мүшелерінің  саны азайып жатқанда, бізде көбейіп келеді. Қазір  92 мың 200-ден аса мүшеміз бар. 3 жылда 15 мыңға көбейдік. Биыл «Үздік кәсіподақ ұйымы» деген байқау өткізенбіз, бүгін кездесіп отырған бастауыш кәсіподақ ұйымы осы байқаудың жеңімпазы. Бұл ұжымның, төрайымның еңбегі, мекеме басшысының қолдауы. Сондықтан баршаңызға алғысымды білдіремін. Біздің миссиямыз –  сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды түгендеу.  Президент биылғы Жолдауында Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге жеткізуді, бюджеттен қаржыланатын азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 2 пайызға өсіруді тапсырды. Демек, салалық кәсіподақ пен Кәсіподақтар федерациясының бірнеше жыл бойы көтеріп келе жатқан ұсыныстары Президенттің құлағына жетті деген сөз. Осы бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыратын боламыз»,-деді Мирболат Жақыпов.

Кездесуді қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев мемлекеттік қызметкерлердің аса жауапты міндетті атқарып жүргенін айтып, еңбек ұжымына абыройлы еңбектері үшін алғысын білдірді. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының болашақта жаңа форматта жалғасатынын жеткізді.

«Қазір әр салалық кәсіподақ «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауын өткізуде. Осы байқаудың арқасында әрбір ұйымның өз үздік тәжірибесі бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Болашақта осы тәжірибелерді жария етіп, өзгелерімен бөлісу қажет. Сондықтан әрбір үздік ұйым өз жұмысын егжей-тегжейлі таныстыра алатындай формат қарастырылады»,-деді Нұрлан Өтешев.

Федерация төрағасының орынбасары сөзінің соңында кездесу қатысушыларын халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жаңалықтармен таныстырды.   Атап айтқанда, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы бастаған арнайы делегацияның жұмыс сапарымен Еуропаға барып, ХЕҰ мен ХКК өкілдерімен кездескенін, қызметтің әртүрлі бағыттарында өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жалғастырып, бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуге келіскенін айтты. Өткен аптада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына алғашқы ресми сапарымен Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының  төрағасы Кудратулла Рафиков бастаған делегация келгенін, сапар қорытындысы бойынша Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанынын, қазір аталған келісімді жүзеге асыру бойынша бірлескен шаралар жоспары жасалып жатқанын жеткізді. Нұрлан Сүлейменов сонымен қатар, келесі аптада Ташкентте Орталық Азия елдері кәсіподақтары Кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылатынын хабарлады.