Кәсіподақ үздік жұмысшыларды марапаттады

«Aqtobe su-energy group» АҚ кәсіподағы еңбек ұжымын құттықтады. Акционерлік қоғам кәсіподағы жуырда жылу беру маусымының басталуына орай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, облыс тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтуға елеулі үлес қосқан бір топ еңбеккерлерін марапаттады.

«Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлерді, мемлекеттік мекемелерді, мекемелер мен ұйымдарды суық, ыстық су және жылумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, канализация қызметтерін көрсетеді. «Ақтөбесуэнергогрупп» АҚ 2020 жылы екі қалалық коммуналдық кәсіпорындарды: «Ақбұлақ» АҚ және «Трансэнерго» АҚ-ны қайта құру арқылы құрылды.

Кәсіпорынның негізгі міндеті – жылу-су және кәріз нысандарының үздіксіз жұмысын ұйымдастыру. Тұтынушыларды суық және ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстарын уақтылы жүргізу. Биылғы жылу маусымын сәтті бастаған АҚ кәсіподағы бір топ еңбеккерлерін алғыс хат және құрмет грамоталарымен марапаттап, бірқатарына кәсіподақ тарапынан сыйақы да берді.

«Біз қарапайым жұмыскерлердің еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдемелерінің сақталуына, олардың лайықты жалақы алуларына салалық кәсіподақ тарапынан мейлінше қолдау жасаймыз», – деп атап өтті ҚР тұрғын үй, коммунальды шаруашылық және құрылыс саласы жұмыскерлері салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Қуанбай Коктов.