Еңбеккер бейнесінде – мұғалім Жібек Алмағамбетова

Бүгінде білім беру саласында көп нәрсе өзгерді. Дегенмен, мұғалім – оқушысына үлгі болатын шебер болып қала бермек. Нағыз шебер педагог өз шәкіртіне сенім білдіреді, оларға алға жылжуға мүмкіндік береді, өсіп-жетілуіне ықпал етеді.

Осындай білімді де білікті мамандардың бірі – Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласындағы №5 жалпы білім беретін орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімі Жібек Алмағамбетова. Тәжірибелі маман 2001 жылдан бастап аталған білім ордасында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді.

Жібек Күзбаққызы – жаңашыл ұстаз. Бәсекеге қабілетті маман даярлау мақсатында білімін үнемі жетілдіріп отырады. Білікті педагогтың сабақтары да өзгеше. Әр тақырыпты жан-жақты, жаңа технологияларды пайдалана отырып, шәкірт санасына ұғындыруға тырысады.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, бүгінгі заман талабы – үштілділік. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. Сондықтан «білімді, озық ойлы азаматтарды тәрбиелеу – ұстаздарға артылған зор міндет» деп санайды ол. Химия, биология пәндерінде осы үштілділік принципін ұстануда.

Білікті маманнан тәлім алған оқушылар да осал емес. Жібек Күзбаққызының шәкірттері ғылыми жобалар қорғап, облыс, республика көлеміндегі олимпиада, конференциядарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ол – шебер ұстаз ғана емес, мектеп, ата-ана, оқушы, яғни, үштік одақ арасындағы қарым-қатынастың тыныштығын, бірлігін таба білетін шебер басшы. Аралас тілді мектеп болғандықтан, ата-аналармен қарым-қатынасты жүйелі жолға қойып, ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.