Кәсіподақ төрағасы бастауыш ұйым мүшелерімен кездесті

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде «Сенім» денсаулық сақтау саласы қызметкерлері Салалық кәсіподағының Ақтөбе филиалының төрағасы Қ.Сабыр облыстық психикалық денсаулық орталығы ұжымымен кездесті.

«Қоғамдағы ауыр әрі жауапкершілігі жоғары жұмыстың бірі әлеуметтік қызметкерлерге тиесілі. Сондықтан да кәсіби мерекелері қарсаңында әлеуметтік сала қызметкерлерін құттықтап, сауапты да салмақты еңбектері үшін алғыс айтуды дәстүрге айналдырдым. «Мейірімділік» атты өздеріңізге тән ерекше қасиеттен айырылмаңыздар дей отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қажырлы еңбектеріңіз, кең жүректеріңіз, өзгенің қайғысына көз жұмып қарай алмайтын адалдықтарыңыз, ақжүректіліктеріңіз үшін сіздерге мың алғыс», – деп ыстық ықыласын білдірді Салалық кәсіподақ Ақтөбе филиалының төрағасы Қ.Сабыр.

Бұл орталық 80 жылдары ашылып, қазіргі ғимаратқа 1996 жылы көшірілген. Қазір 400-ден астам жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар орталыққа түпкілікті жатып, ем алады.

Мұндағы 152 қызметкердің ішінде негізгі маманнан өзге көз дәрігері, хирург, фтизиатр да бар. Әрине, ең жауапты жұмысты әлеуметтік қызметкерлер атқарады. Оларға ем алушылар барлық мәселелерін айтады, тіпті туысындай болып кеткен.