Кәсіподақ федерациясының онлайн білім марафоны Солтүстік Қазақстан облысындағы 100 кәсіподақ активінің кәсіби біліктілігін арттырды

ҚР Кәсіподақ федерациясының онлайн білім марафоны бүгін Солтүстік Қазақстан облысында жалғасты.

100 тыңдаушы қатысқан семинарды ҚРКФ-ның  Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова ашып, марафонның тұрақты дәріскерлерін таныстырды. Ол ҚР еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгертулер мен толықтырулар, еңбек дауларының сотта шешілу тәжірибесі, әлеуметтік әріптестік сияқты  үш тақырыптан тұратын бүгінгі семинардың аталған өңірде соңғы рет өткелі отырғанын ескертті. Сонымен қатар, марафонның келесі жылы жалғасатынын және жаңа тақырыптармен толықтырылатынын хабарлады.

«Біздің аудитория тарапынан  көшбасшылық қасиетті дамыту, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және стресске төзімділік тақырыптарына сұраныс туып отыр. Сонымен қатар, ақпараттық жұмыс бойынша да арнайы тақырып болады. Себебі өз жұмысымызды көрсете білуіміз қажет. Қазір аталған тақырыптар бойынша дәріскерлердің 70 пайызы дайындыққа кірісті. Сондықтан келесі жылы марафон аясындағы семинарлардың тақырыптары толықтай  өзегереді»,-деді  Ләззат Есжанова.

Семинарды ҚРКФ-ның Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов жалғастырып, ҚР еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгертулер мен толықтырулар туралы әңгімелеп берді.

Атап айтқанда, ол негізінен қатысушыларға биыл қабылданған «ҚР Еңбек кодекіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның нормаларын егжей-тегжейлі түсіндірді.  Тимур Нұғыманов ҚРКФ тарапынан еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыстың жалғасып жатқанын ескертіп, ұсыныстар болса федерацияға жолдауды сұрады.

Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова  әдеттегідей еңбек дауларының сот органдарында қалай шешілетініне тоқталды. Ол өз дәрісі барысында бірнеше нақты мысалдарды келтірді.

ҚРКФ ӘЭҚ және ӘӘ комитетінің басшысы Айжан Ибраева әлеуметтік әріптестік туралы айтты. Яғни еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеу сұрақтары бойынша мүдделерін келістіруді қамтамасыз етуге бағытталған өзара қарым-қатынастар жүйесінің деңгейлеріне тоқталып, ұжымдық шартты әзірлеу, жасасу және орындау принциптері туралы әңгімелеп берді.

Семинар бұдан әрі сұрақ-жауап форматына ойысып, қатысушылар өз сауалдарына толыққанды жауаптарын алды.

Осылайша интерактивті түрде өткен семинар соңында Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының заң мәселелері жөніндегі бас маманы Людмила Голенкова  қатысушылар атынан ұйымдастырушыларға пайдалы ақпарат үшін алғысын айтып, марафонның бұдан әрі жалғасын табатынына үмітін білдірді.