Кәсіподақтық онлайн білім марафонына «Қазпочта» АҚ кәсіптік активі қосылды

Семинарды ашқан «Ақпарат, коммуникациялар және байланыс жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Абылай Әбішев кәсіподақ қызметкерлерінің құқықтық білім деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Ол семинарды ұйымдастырушыларға кәсіподақ ұйымдарының жұмысында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ еліміздің еңбек заңнамасының жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.

«Кәсіподақтар федерациясының семинарлары қатардағы кәсіподақ мүшелері мен белсенділерге келіссөз жүргізу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Келісу комиссиясының біз үшін өмірлік маңызы бар, өйткені кәсіподақ мүшелерін қорғау біздің ең маңызды міндеттеріміздің бірі болып табылады. Келісу комиссиясының жұмысында комиссия мүшелерінің құзыреті яғни төрелік ету, еңбек дауының мәнін, ұжымдық шарттың аспектілерін, еңбек жанжалдарын шешу жолдарын білу өте маңызды,- деді «Абылай Әбішев.

ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов қатысушыларды еңбек заңнамасына енгізілген маңызды өзгерістермен таныстырды.

«Өздеріңізге белгілі, биыл Мемлекет басшысы «Еңбек кодекіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Кодекстің бұған дейін қолданыста болған нормалары бұл жұмыс түрін толық реттей алмады. Заң жобасына Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары бастамашы болды. ҚРКФ өкілдері осы заң жобасын жазуға белсенді қатысып, көптеген ұсыныстар енгізді», – деді Тимур Нұғманов.

Ол жаңа толықтыруларға тоқталды. Атап айтқанда, қашықтан жұмыс істеу мен қашықтан аралас жұмыс істеудің арасындағы айырмашылықты түсіндіріп берді.

«Қашықтан жұмыс істеу –жұмыс беруші, қабылдаушы тарап және олардың объектілері тұрған жерден тыс жерде еңбек қызметі процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып еңбек процесін жүзеге асыру. Ал қашықтан аралас жұмыс істеу – еңбек міндеттерін орындау кезеңдерін жұмыс беруші, қабылдаушы тарап және олардың объектілері тұрған жерде де, қашықтан жұмыс істеу арқылы да кезектестіру жолымен еңбек процесін жүзеге асыру», – дегенді айтты Тимур Нұғыманов.

«Еңбек кодексінің 138-бабына сәйкес қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де белгіленеді. Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулері сақтала отырып, жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Дегенмен, қашықтан жұмыс істеудің міндетті шарты – жұмыскер жұмыс уақытында жұмыс берушімен байланыс үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс», – деді Тимур Нұғманов.

Сондай-ақ, ол қашықтан жұмыс істеуге көшкенде жұмыс берушінің жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ететінін әрі оларды орнату,  қызмет көрсету шығыстарын көтеретінін атап өтті.

Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова  еңбек дауын  сотта шешу  тәжірибесіне шолу жасады.

Семинар барысында еңбек дауларының алдында алу және шешу, келісім комиссияларының жұмысын ұйымдастыру сонымен қатар,  еңбек заңамасын іс жүзінде қолдану туралы да айтылды.

Бұл туралы семинарға қатысушыларға ҚРКФ-ның  Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова әңгімелеп берді.

«Келісу комиссиясы ұйымда, оның филиалдары мен өкілдіктерінде жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінен тең негізде құрылатын тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Жеке еңбек дауларын келісу комиссиялары, ал келісу комиссиясының шешімі орындалмаған немесе реттелмеген жағдайда  соттар қарайды. Комиссия жеке еңбек дауын өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарауға міндетті. Бұл ретте жұмыс күндерін есепке алу бес күндік жұмыс аптасы болып есептеледі. Жеке еңбек дауларын қарауға өтініш беру мерзімі келісу комиссиясы құрылғанға дейін болмаған жағдайда тоқтатылады», – деді Ләззат Есжанова.

Оның айтуынша, кәсіподақ мүшелері болып табылмайтын қызметкерлер кәсіподақ органдарына өз мүдделерін білдіруге құқылы.

Баяндамалардың нәтижесінде даулы жағдайлардың алдын алу және шешуде кәсіподақтардың міндеттері, кәсіподақ жетекшілерінің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер мен тенденциялар туралы пікір алмасу болды.

Кездесуге қатысушылар білім марафонына үлкен қызығушылық танытып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәдениетін арттыру үшін ҚРКФ-ның интерактивті білім беру онлайн платформасын құрудың маңыздылығын атап өтті.

Еске салайық,  ҚРКФ онлайн білім марафонын 21 маусымда бастады. Оған еліміздің барлық салалары мен өңірлерінен күнделікті 100-ге жуық кәсіподақ мүшелері қатысуда.