Елордада кәсіподақ ұйымдары арасында футболдан турнир жоғары деңгейде өткізілді

Жеңімпаз кубогы үшін “Сарыарқа” СК футбол алаңында Атбасар жол дистанциясы (20-ӨСБ), Астана Жол дистанциясы (17-ӨСБ), Астана электрмен жабдықтау дистанциясы, Астана сигнализация және байланыс дистанциясы, жолды диагностикалау орталығы және “ҚАЗКӨЛІККӘСІП” “Астана” филиалы кәсіподақ ұйымдарының командалары таласты.

Әсіресе, қола үшін күрес шиеленісті және қызықты болды. Матчтың соңғы минутында Астана электрмен жабдықтау дистанциясының қақпасына соғылған жеңіс голы Астана Жол дистанциясы футболшыларына үшінші орынға шығуына мүмкіндік берді.

Екінші орын – “ҚАЗКӨЛІККӘСІП” “Астана”  филиалының командасында.

Алдын ала кезеңнен бірде-бір жеңіліссіз өтіп, финалда елордалық команданы жеңген Атбасар дистанциясының командасы Жеңімпаз кубогының иегері атанды. Турнирдің үздік ойыншысы болып Атбасар жол дистанциясының монтері Темірлан Сатаев танылды, ол қарсыластар қақпасына 14 гол соқты.

“ҚАЗКӨЛІККӘСІП” “Астана”  филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев: “Салалық кәсіподақ әрқашан спорттың дамуына қолдау көрсетіп, еңбек ұжымдарымен белсенді бұқаралық спорттық жұмыстарды жүргізеді. Әрине, бұл біздің спортшыларымыздың шеберлігінің жоғары болуына септігін тигізеді, оны бүгінгі турнир айқын көрсетті”, – деп қорытындылай келе, алдағы уақытта да барлық қатысушыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.