Жамбыл облысы кәсіподақтарының Үйлестіру кеңесі өтті

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің кезекті Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңеске облыстық салалық кәсіподақ үйымдарының басшылары қатысты, ал аудандық және бастауыш кәсіподақ жетекшілері ZOOM форматында қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер: жалақы қарыздарына жол бермеу, еңбек дауларының алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу, «Қазақстан кәсіподағы» газетіне алдағы жылға жазылу науқаны және т.б. сұрақтар қаралды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласы, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет және мәдениет саласы сияқты ірі салалық кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің он айлық атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды. Мысалы, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Г.Момбекова жыл басынан бері 11 жас маманға 5,5 млн. теңгенің сертификаттары, 12,3 млн. теңгеге 209 сауықтыру жолдамалары табысталғанын, 5,0 млн. теңге сала өкілдері балаларын сауықтыруға, 2,5 млн. теңгеге аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетілгенін жеткізіп, осындай ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Кеңес төрағасы, Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Қарашолақов жиынды қорытындылай келе, салалық кәсіподақ ұйымдары басшыларына аталған мәселелер бойынша жұмыстарды басты назарда ұстауды және жандандыруды тапсырып, еңбек адамының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау кәсіподақтың басты мақсаты екенін баса айтты.