Кәсіподақтық онлайн білім марафоны Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысында өз мәресіне жетті

ҚРКФ білім марафонының кезекті семинары Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен өтті.

Отырысты ашқан Кәсіподақтар федерациясы Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова  бұл Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысындағы кәсіподақ активі үшін биылғы жылы марафон аясындағы соңғы кездесу екенін атап өтті.

«Келесі жылы семинарлардың форматы өзгереді. Семинарлар онлайн және оффлайн режимінде өтеді деп күтеміз. Қазір дайндық жүріп жатыр», – деді Ләззат Есжанова.

Ол білім беру марафоны аясында ұсынылған тақырыптардың өзектілігіне тоқталды.

«Кәсіподақ белсенділері семинарларда алған білімді өз аймақтарында таратуға мүмкіндік алды», – деді Ләззат Есжанова.

Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова  қатысушыларды заңды күшіне енген сот шешімдерін мысалға ала отырып, еңбек дауларын шешу жолдарын таныстырды.

«Бұл тақырып сұранысқа ие, өйткені біз үшін белгілі бір даулы жағдайлардың қалай шешілетінін білу маңызды. Павлодар облысының кәсіподақ орталығы Павлодар облыстық сотымен бірлесіп «Теориядан практикаға» жобасын қолға алдық. Онда судьялар өз тәжірибелерімен бөліседі.  Көбінесе бұл даулар апелляциялық сотқа дейін жетіп қана қоймай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кассациялық сатысының қарау нысанасына айналады», – деп атап өтті Марина Иванова.

СҚО кәсіподақ орталығының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Людмила Голенкова ұйымдардың ұжымдық шарттарында Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларын әзірлеу мүмкіндіктері туралы айтып берді.

«Ұжымдық шарт – бұл еңбек ұжымында әрекет ететін біздің шағын Конституциямыз. Ұжымдық шарт Еңбек кодексіндегі олқылықтарды жоюға міндетті. Егер ол жетіспейтін нормаларды толықтырса, ұйымда толыққанды құқықтық акт жұмыс істейді. Ұжымдық шарт мазмұны жағынан толық және күшті құжат болуы керек», – деді Людмила Голенкова.

Ол ұжымдық шарттың құрылымы мен мазмұны туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, жұмыс берушінің өкілдерінің пікірін ескеруді талап ететін актілеріне, сондай-ақ еңбек шартының талаптарына тоқталды.

Семинар барысында қатысушылар өз  сұрақтарына жауап алды. Соңында семинар бағдарламасының тәжірибелік маңызы зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.