Ұстаздар салауатты өмір салтын қолдайды

Атырау облыстық Кәсіподақтар үйінде «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шахмат және тоғызқұмалақтан облыстық турнир өткізілді. Сайыстың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ұстаздар арасында үздіктерді анықтап, қолдау білдіру, зияткерлік ойындарды насихаттау және дәріптеу.

Сайысқа келгендердің барлығы да бастауыш кәсіподақ ұйымдары өткізген жарыстың жеңімпаздары еді. Олардың арасында жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушы құрамы, колледж және қалалық, аудандық білім беру мекемелерінің педагогтері бар, барлығы 25 команда құрамындағы 50 ойыншы бақ сынасты.

Турнирдің ашылу сәтінде Қазақстан Республикасының Әнұраны ойналып, облыстық салалық ұйымның төрағасы Қ.Сүндетұлы құттықтау сөз сөйледі. Содан кейін жарыстың бас төрешілері, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті С.Гайсин, тоғызқұмалақ ойынының бас жаттықтырушысы Қ.Ашетов сөз сөйлеп, турнирді өткізу ережелерімен таныстырды.

Жарыс жеңімпаздары «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ескерткіш сыйлықтарымен марапатталды. Ал алғашқы бірінші орынға ие болған жүлдегерлер республикалық жарысқа тыңғылықты дайындалуға кірісті.