Ауданаралық ауруханада еңбек заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Қызылорда облысы Қазалы ауданында денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері, бастауыш ұйымдағы Келісу комиссиясы мүшелері еңбек заңнамасындағы өзгерістер мен олардың қолдану тәжірибелері бойынша оқуға қатысты.

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен семинар барысында қашықтықтан жұмыс істеу бойынша заң толықтырулары, жұмыс берушілердің еңбек және тұрмыстық жағдайларды жасау жөніндегі міндеттері мен жауапкершілігі, еңбек шартын бұзу тәртіптері, келісу комиссиясының еңбек дауларын қарау ережелеріндегі жаңа нормалар бойынша түсіндірме жасалды.

Семинар қатысушыларымен жұмыскерді жұмыс берушінің оқшауланған құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру барысындағы еңбек заңнамасының қолдану тәжірибесі қызу талқыланды. Семинар-оқуда аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева түсіндірмелер жасады, жоспарға сәйкес алда кәсiподақ мүшелеріне арналған оқыту-семинарлары жалғасатын болады.