Кәсіподақ өкілдері жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға үлес қосуда

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы мен «Партиялық емес байқау орталығының» бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазіргі жастардың құқықтық мәдениеті: өзекті жай-күйі және оны арттыру жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Қазақстанның жастар ұйымдарының жетекшілері, белгілі қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мүмкіндіктерін және олардың белсенді азаматтық позициясын талқылау, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидатын және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ өз білімі мен болашағы үшін жауапкершілікті ынталандыруды насихаттау болып табылады.

Спикерлер қатарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің “Астана Жастары” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Шыңғыс Тілеулин, М. Нәрікбаев атындағы Қазақ ұлттық Заң университетінің «Заң клиникасының» жетекшісі Эстер Бабаджанян, ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Дария Хамитжанова, Павлодар қаласы мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, “Жас Отан” филиалының төрағасы Бақдаулет Жанділдаев, «Татуласу орталығының» жетекшісі Әсел Молдағалиева және «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Темірдан Бейсенхан болды.

Спикерлер жастар қоғамдастығын дамытуға бағытталған жобалар мен бағдарламалар туралы айтып, жастардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктері туралы өз ойларын ортаға салады.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша жас қазақстандықтардың құқықтық санасын одан әрі арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар қабылданды.