І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті: «Айдың үздік қызметкері»

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Айдың үздік қызметкері» байқауының «Үздік оқытушы – 2021» номинациясы бойынша оқу орнының оқытушылары сынға түсті.

Әлеуметтік-шығармашылық жұмыс жөніндегі бөлімі және университет кәсіподағы бірлесіп өткізген байқауға оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекіткен ережесіне сәйкес, әр факультеттен бір қызметкер деканат тарапының ұсынысы негізінде іріктеу кезеңінен өткен. Көрсетілген талаптарға сай қатысушылардың портфолиясын тағайындалған қазылар алқасы қарап, атқарған жұмысы мен жетістіктеріне қарай жеңімпаздарды анықтады.

«Үздік оқытушы – 2021» номинациясының жеңімпазы ретінде құқық және экономика факультеті, экономика және сервис саласы бойынша БББ оқытушы-ассистенті, магистр Сапарова Ажар Қайсарқызы танылды.

Ажар Қайсарқызы 4 жылдан астам құқық және экономика факультетінде жас оқытушы болып қызмет атқаруда. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, еліміздің болашағы жастарға білім беруге, патриот, азаматтық позициясы бар жастарды тәрбиелеуге үлесін қосып келе жатыр. Білімгерлерін университет, қала, облыс, республика деңгейіндегі қайырымдылық акцияларына, олимпиадаларға, түрлі конкурстарға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болды. Кәсіби деңгейін көтеру мақсатында семинар-тренингтерге, халықаралық конференцияларға қатысып, өзін дамытып жүрген белсенді жас маман.

Алыс, жақын шет елдерде және республикалық басылымдарда 20-дан астам ғылыми және әдістемелік еңбегі, оның ішінде 1 авторлық шығармашылық куәлік және білімгерлердің қатысумен 10-ға жуық ғылыми мақаласы жарыққа шыққан.

Қазақстан педагогтар қауымдастығы Төралқасының шешімімен ұрпақ тәрбиесі мен еліміздің білім беру ісіне қосқан елеулі үлесі үшін «ҮЗДІК ЖАС ПЕДАГОГ» төсбелгісімен, ҚР Тұнғыш Президенті қоры төрағасының грамотасымен, қайырымдылық іс-шараларына, қоғамдық жұмысқа белсене қатысқаны үшін түрлі алғыс хаттармен марапатталған. Шағын гранттар байқауларының жеңімпазы.

Жеңімпазға университет тарапынан Диплом мен қаржылай сыйлық табыс етілді. Алдағы уақытта аталған байқау жалғасын тауып, еңбек ұжымы арасында кіл мықтыларды анықтауға мүмкіндік бермек.