«Бозоқта» бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы “Бозоқ” тарихи-мәдени музейінде бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Мекеме Ұлттық музейдің ғимаратында орналасқан. Музей басшысы Сәуле Бөрібаева көпті көріп көсем болған, үлкен өмірлік тәжірибесі бар адам. Ұйымда танымал ғалымдар, археологтар мен музей қызметкерлері, барлығы 30 адам еңбек етеді. Мәдениет, спорт, ақпарат, туризм салалық кәсіподағы филиалының өкілі Берік Көпбаев музей қызметкерлеріне кәсіподақ мүшесі билетін табыс етіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Бақытгүл Құлжанова ұйым төрайымы болып бірауыздан сайланды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 наурыздағы № 150 қаулысымен «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.

Айта кетерлігі, Бозоқ археологиялық ескерткіші 1998 жылы танымал ғалым және белгілі археолог Кемел Ақышевтың Есіл өзенінің жоғарғы жағалауын зерттеуі нәтижесінде табылды. Бозоқ қалашығы елорданың аумағына жақын орналасқан. Ғалымдардың пікірінше, Бозоқ бір кездері Шығыс Еуразияның ірі діни-мәдени орталығы болған және Ұлы Жібек жолының дала учаскесіндегі керуендер үшін өзіндік бағдар болған. Қазіргі таңда Бозоқ ортағасырлық қалашығында ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.