Салалық кәсіподақ қатары толығуда

Кентау қаласындағы «Мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты» ұстаздары Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымына мүше болды.

Мектеп-интернат сол кезеңдегі облыс әкімі Б.Сапарбаевтың нұсқауымен 2001 жылдың қыркүйек айында ашылған. Соңғы 5 жылдың ішінде жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық ғылыми жобалар сайысында 133 жүлдегер, Республикалық ғылыми жоба сайысында 64 жүлдегер, Халықаралық ғылыми жоба сайысында 16 жүлдегер шықса, Республикалық жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша Президенттік олимпиада сайысында 8 жүлдегер, Республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде 114 жүлдегер, әртүрлі деңгейдегі республикалық олимпиадада 32 жүлдегерге тәлім-тәрбие беріп жүрген мектеп ұжымына оқушылардың алғысы шексіз.

Мектеп-интернат ҰБТ-дан алған ең жоғары балдар бойынша соңғы жылдарға дейін жасалып келген Қазақстанның «Үздік 100 мектебі» рейтингісі бойынша алғашқы мектептердің қатарынан көрінді.

Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол жолды ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі.