«Халық мұғалімінің» ағартушылық мұралары республикалық конференцияда кеңінен сөз болды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «КСРО Халық мұғалімі», Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Құсиын Айтқалиевтың өмірі мен педагогикалық қызметіне арналған «Рухани жаңғыру: жаңартылған білім беру және тәрбие» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті.

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі мен Атырау университеті ректораты ұйымдастырған республикалық конференция жұмысына Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының және аймақтың жоғары және арнаулы оқу орындарының ұстаз-ғалымдары қатысты.

Конференция жұмысының пленарлық мәжілісін «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы сөз сөйлеп ашқан соң, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов қатысушыларға сексен жылдық тарихы бар байырғы оқу орнының бүгінгі тынысы мен педагог кадрларын дайындау, шәкірттер тәрбиелеудегі Құсиын Айтқалиұлының ұстаздық қызметінің алар орнының ерекше екендігіне тоқталды.

Бұдан соң Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Cатқан Есенғалиев, сондай-ақ, конференция жұмысына онлайн режимінде қатысқан Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашева, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов форум қонақтарына арналған құттықтауларын жолдап, ұстаздар қауымына табыстар мен сәттіліктер тіледі.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының президенті, философия докторы (PhD) Ғани Бисенбаев шоқтығы биік ұстаз Құсиын Айтқалиұлы өзінің өнегелі өмірі мен қажыр-қайратын туып өскен Махамбет ауданының Алға ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға, басшылық жасауға арнағандығын, тума таланты мен тынымсыз еңбегі арқасында алыстағы ауыл мектебін еліміздегі ең таңдаулы білім ошағының біріне айналдырғандығын тілге тиек етті.

«Педагогикалық озық тәжірибені зерттеп, республика мұғалімдеріне насихаттау мақсатында 1989 жылы Қазақстан Үкіметі шешімімен құрылған «Айтқалиевтің атаулы мектебі» бірнеше толқын ұстаздар шеберлігін шыңдап, баулып шығаруға ықпал етті. Осынау атаулы мектептің жұмысына Білім және ғылым министрлігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы қамқорлық жасап, қолдау көрсетіп отырды. Қазақ тілі мен әдебиеті орыс, ұйғыр мектептеріндегі қазақ тілі пәндері бойынша мемлекеттік білім стандарттарын, үлгілі оқу бағдарламаларын, жаңа буын оқулықтар жасауға осы атаулы мектептің Гүлтас Құрманбай, Сәбит Дүйсебаев, Жамиға Нығметова сынды ғалым-әдіскерлер қатысып, авторлық құрамда еңбек етті. Айтқалиевтің өзі шәкірті Гүлтас Құрманбаймен бірге V сыныпқа арналған жаңа оқулық жазды. Бұл оқулық 2001 жылдан бүкіл республика мектептеріне енгізілді. Құсиын ағамыздың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне сүйіспеншілігі, жан сарайыңды жібітер тәрбиелік үлгісі, табиғилығымен талайларды тәнті еткен педагогикалық шеберлігі қазіргі кезде де өз үлгісін жоғалтқан жоқ және дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома сипатындағы ұстаздықтың жарқын жолы», – деп өз ойын түйіндеді Ғани Бисенбаев.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Халық мұғалімі Қ.Айтқалиевтың тағылымы» туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Шахман Нағымұлы, «Қазақстанда халық ағарту ісін және мемлекеттік тілді дамытудағы Қ.Айтқалиевтың қосқан үлесі туралы» Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және Қазақстан тарихы пәндері зертханасының меңгерушісі, философия докторы, (PhD), қауымдастырылған профессор Арай Жүндібаева, «Табиғатқа ізгілік қатынастың ұлттық дәстүрдегі, қазақ әдебиетіндегі арқаулары» жайлы Назарбаев университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Гүлтас Құрманбай, «Мұғалімнің шығармашылық әлеуеті – кәсіби бастамшылдығын дамыту» жөнінде Атырау қаласындағы М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, республикалық «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпазы Жұмажан Бекбосынова тақырыптық баяндамалар жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кеңес Одағы дәуірінің 1980 жылында «КСРО Халық мұғалімі» деген жоғары марапат тұңғыш тағайындалғанда Қазақстан ұстаздары арасынан Құсекеңнің алғаш ие болуы, оны Кремльде СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысының өз қолымен кеудесіне тағуы – шынында да биік тұлғаға, ұлы ұстазға деген зор құрмет еді.

Қ.Айтқалиевтың ағартушылық мұраларына егжей-тегжейлі тоқталған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, педагогика және психология институты директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Абай Дүйсенбаев «ардақты ұстаз есімін ұрпақтар жадында мәңгі есте қалдыру үшін оның туған жерінде ескерткіш орнатуды, «Құсиын Айтқалиев атындағы сыйлық» белгілеуді, университетте үздік оқитын болашақ маманға шәкіртақы тағайындауды қолға алса нұр үстіне нұр болады еді» деген орынды ұсынысын да жеткізді.

Осынау республикалық конференция Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында өтіп отырғандықтан егемен еліміздің салалы да салиқалы, парасатты да білімді ұлтжан ұрпақтарын тәрбиелеу, қазіргі заманауи білім беру кеңестігіндегі проблемалар, білім мазмұнын жаңарту аясындағы ұстаздардың кәсібилігін көтеру, мұғалімнің шығармашылық әлеуеті-кәсіби бастамшылдығын дамытуға ықпал етері сөзсіз. Сондай-ақ, осында білім және ғылым саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, лайықты еңбекақы белгілеу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік әріптестікті дамытуға ықпал етуші және қызметкерлер мүддесін қорғаушы бірден-бір ұйым ретінде кәсіподақтың аталмыш саладағы орны мен рөлін көтеру жайы, жинақталған жақсы тәжірибелер де ортаға салынып, жан-жақты талқыланды. Жалпы аталмыш шара қарапайым мұғалім мәртебесін көтеріп, ұстазды ұлықтаудың жарқын үлгісі болды.

Конференция қонақтары 1990 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Құсиын ағаның өмірі мен ұстаздық қызметіне арналған деректі фильмнен үзінді тамашалады. Ұстаздың көзі тірісінде әр жылдары түсірлген үш сағаттық фильмдер топтамасының таспасы Ұлттық Білім академиясы архивіне тапсырылды. Бұдан соң Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті арасында өзара ынтымақтастық меморандумы жасақталып, оған аталмыш білім ордаларының басшылары қол қойды. Конференция жұмысына қатысушыларға сертификаттар пен Алғыс хаттар тапсырылды.

Республикалық конференцияда жасалған тақырыптық баяндамалар мен айтылған ұсыныс-пікірлер арнайы жинақ болып жарыққа шықты.