Ұстаздар арасында спорттық сайыс өтті

«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай Бұқар жырау аудандық кәсіподақ комитеті, Бұқар жырау ауданының білім бөлімі және аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен С.Торайғыров атындағы тірек мектебі (РО) мен Ю.Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебі базасында ауданның мектеп қызметкерлері арасында аудандық спорттық жарыс өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – ұрпаққа саналы тəрбие беретін ұстаздарды дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, ұстаздар арасында волейбол ойынын дамыту жəне салауатты өмір салтын насихаттау, ұстаздар арасында көшбасшылықты кеңейту, қабілеті бар спортшы мұғалім волейболшыларды анықтап, оларды əрі қарай оқушыларға насихаттау, волейбол және үстел теннисі ойынына қызығушылығын арттыру жəне сүйікті спорт түріне айналдыру.

Жарысқа жалпы ауданның 22 мектебінің қызметкерлері қатысып, бақтарын сынады.

Ашылу салтанатында Кәсіподақ комитетінің төрайымы Эльвира Хамитова, білім бөлімінің әдіскері Ернұр Тілешев және спорт бөлімінің басшысы О.Цыганков сөз алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай жарыстар жыл сайын дәстүрге айналып өткізіліп тұратындығын атап өтті.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық кәсіподақ комитетінің атынан мақтау қағаздарымен, кубоктармен, медальдармен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.