Математика пәнінің үздік мұғалімі анықталды

Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының демеушілігімен «Үздік математика пәні мұғалімі-2021» байқауы өткізілді. Оған аймақтың 20-ға тарта мұғалімі қатысып, бақтарын сынады.

Байқау мақсаты шығармашылықпен жұмыс жасайтын педагогтарды анықтау, қолдау және марапаттау, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру, кәсіби шеберлігін шыңдау болып табылады.

Конкурс екі турдан тұрды. Математиктер алдымен тест тапсырмаларын орындап, екінші кезеңде күрделі есептер шығарды. Сайысқа Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушылары, халықаралық, аймақтық байқаулардың жеңімпаздары қазылық етіп, үздік пән мұғалімін анықтады.

«Үздің математика пәнінің мұғалімі-2021» атағын Ойыл ауданы, Қараой мектеп-бақшасының мұғалімі Жандарбек Мамбеталин иеленді. Ұпай саны тең түскен Ырғыз ауданы, Ы. Алтынсарин ат. орта мектебінің мұғалімі Руслан Рысмағанбетов мен Мұғалжар ауданы, Қ.Жұбанов ат. орта мектебінің мұғалімі Жарас Табенов II орынды бөлісті. Ал ІІІ орын бірдей нәтиже көрсеткен үш ұстазға берілді. Олар: Байғанин ауданы, №4 Қарауылкелді орта мектебінің мұғалімі Оразбек Ғабитхан, Мәртөк ауданы, №2 Мәртөк гимназиясының мұғалімі Аманжол Абдрахманов және Әйтеке би ауданы, Еңбекту орта мектебінің мұғалімі Нұрболат Токин.

Жеңімпаздарға салалық кәсіподақ тарапынан «Мерке» шипажайына жолдама табысталды. Байқауға қатысып, белсенділік көрсеткен барлық ұстаздарға қаржылай қолдау көрсетілді.