Мұғалім – мектептің жүрегі

Мұғалім – ең қиын, ең ізгі мамандықтардың бірі. Себебі, басты міндет, ең құнды әрі маңызды мәселе – еліміздің ертеңі болып саналатын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру.

«Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» дегеніндей, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының мойнында екендігін жақсы білеміз. Осындай ауыр міндетті қара нардай қайыспай көтеріп жүрген ұстаздарымыздың бірі – бастауыш сынып мұғалімі Абраимова Нұргүл Сеитжапарқызы.

«Мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім» деген ой осы кісіге арналып айтылған ба деп қаларсыз. Отыз жылдан аса ұстаздық жолында еңбек етіп келе жатса да, ізденуден, білімін көтеруден бір жалықпайды. Әр шәкіртінің жүрегіне жол тауып, білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көруге болады. Қашан көрсеңіз де мектептің, одан қала бере, ауылдың әртүрлі шараларының бел ортасында жүргенін көруге болады. Мектептегі жылда өтетін дәстүрлі мерекелердің (жаңа жыл, наурыз, алғашқы және соңғы қоңырау т.б) есепке алмағанда, ата-аналармен өткізілетін сайыстар, концерттер, мұғалімдермен демалыс кештері, табиғат аясына серуендеу, мәдени жорықтар, барлығы Нұргүл Сейітжапарқызынсыз өтпейді десек артық болмас.

Нұргүл Сейітжапарқызын бірде әжелер тобымен сахнадан ән салып, өнер көрсеткенінің куәсі болсақ, бірде волейбол командасының құрамында ойын үстінде кездестіреміз. Ал аудандық мектеп қызметкерлері арасында өтетін спартакиадада мылтық атудан тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып, тіпті еңбек ұжымы арасында «Біздің мерген» аталуы тегін емес. Тіпті 2015 жылы облыстық Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті жазғы спорт түрлері бойынша Ұлт көшбасшысы тестін тапсыру бойынша Шығыс Қазақстан облысының І чемпионатында І орын алғаны үшін медальмен марапатталып, аудандық спорт командасының жүлделі орын алуына өз үлесін қосты.