«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Түркістан облысындағы балалар кітапханасының ұжымымен кездесті

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары  Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында  Түркістан облыстық Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

Бейнеконференция арқылы онлайн режимінде өткен кездесуге «Түркістан облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Бердіғали,  «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов, кітапхана директоры Зоя Бегежанова, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мәдина Бұрымбаева және еңбек ұжымы қатысты.

Кездесуді ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында жыл басынан бері 360-тан астам бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесу өткізілгенін жеткізді.

«Олардың 60-тан астамы ҚРКФ басшылығының қатысуымен өтті. Барлық кездесулерде 400-ден астам сұрақ түсті. 80-і ғана шешілмей тұр. Олар еңбек заңнамасына, үкімет қаулыларына,  министрліктің бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Қазір федерацияның күн тәртібінде тұр.  Басқалары өз шешімін тапты. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының берері көп екенін бағамдап, бұл кездесулерді келесі жылы да жалғастыруды жөн санап отырмыз»,-деді Нұрлан Өтешев.

Ол сонымен қатар, Кәсіподақ қозғалысының идеологиясын ілгерілету мақсатында кәсіподақтық онлайн білім марафоны ұйымдастырылғанын және аталған шара аясында жыл басынан бері еліміздің барлық өңіріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 10 мыңнан астам  белсендісі кәсіби біліктіліктерін көтергенін айтты.

Кездесуді жалғастырған Түркістан облыстық  Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Зоя Бегежанова рухани орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Кітапхана өз жұмысын 1961 жылы бастаған.  1976 жылы кітапханаға қазақтың ұлы ғалымы, фольклорист, педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Кітап қоры  бүгінде 257 мыңнан асады. Жылына 27 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіп отыр. Кітапханада 7 бөлім,  2 сектор бар. Атап айтқанда: ақпараттық-библиографиялық бөлім, құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімі, кітапхана  процестерін  автоматтандыру бөлімі, инновациялық және әдістемелік  жұмыс бөлімі, өнер бөлімі, мектепке  дейінгі және бастауыш  сыныптардағы   балаларға қызмет көрсету бөлімі, орта және жоғары мектеп жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімі, бақылау және тіркеу секторы, негізгі қорды сақтау  секторы. Кітапхана оқырмандары: мектеп жасына дейінгі, 1 сынып пен 9 сынып аралығындағы оқушылар және балалар оқуының жетекшілері (ата-аналар, тәрбиешілер, мұғалімдер).

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы балаларды кітаппен және ақпаратпен қамтамасыз ететін аудандық балалар кітапханаларының әдістемелік орталығы болып табылады.  Облыс көлеміндегі балалар кітапханалары үшін әдістемелік іс-тәжірибелік көмек ретінде семинар кеңестер, тренинг сабақтар және іс-сапарлар ұйымдастырылады.

«2021 жыл елімізде «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланған. Биыл сонымен қатар, Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл. Осы атаулы екі оқиға облыстық кітапхананың  60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан рухани орталықтағы мәдени-ағарту іс шараларының басым  бөлігі осы оқиғаларды қамтиды»,- деді кітапхана директоры.

Бұдан кейін кездесу ашық әңгіме форматына ойысып,  кітапхана директоры Зоя Бегежанова, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Мәдина Бұрымбаева және еңбек ұжымы ҚРКФ басшылығына өз бұйымтайларын жеткізді.

Зоя Бегежанова кітапхананы болашақта Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру жоспарланып отырғанын айтып, ҚРКФ басшылығынан қала орталығынан тек кітапханаға тиеселі дәулеті мен сәулеті жарасқан бөлек ғимарат беру мәселесінде қол ұшын созуды, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметкерлердің кейбірінің жасы келіп қалғанын әрі 80 мың мен 100 мың теңге  арасындағы жалақы жалдамалы үйде тұруға жете бермейтінін айтып, кітапхананы Шымкентте қалдыру мәселесін қарастыруды, еңбек ұжымы бюджеттен қаржыланатын мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қызметкерлерді мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы азаматтар санатына қайта қосу мәселесінде қолдау көрсетуді сұрады.

Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы кітапхана жұмысына жоғары баға беріп, еңбек ұжымының жанайқайы орынды деген ой айтты. Оның сөзінше, кітапхана сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.

«Егер  мекеме сенімгерлік басқаруға берілетін болса, мәдени-ағартушылық міндетінен гөрі табысқа баса мән берілуі мүмкін. Әрі кітапханашылардың түрлі желеумен қысқартудың құрығына ілініп кету қаупі де бар»,- Бастарбек Пірімбетов.

Өз кезегінде ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев арнайы ғимарат бөлу  мәселесін Әлеуметтiк әрiптестiк пен әлеуметтiк және еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi облыстық, қалалық комиссиямен аумақтық келісім негізінде шешу қажет екенін айтып, «Түркістан облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Бердіғалиға тапсырды. Қажет болған жағдайда ҚРКФ-ның да араласуға тырысатынына уәде етті. Кітапхананы Түркістан қаласына көшірмей, Шымкентте қалдыру мәселесі бойынша келіспейтінін айтып, аумақтық келісім аясында қолайлы ғимарат алуды, салалық келісім мен ұжымдық шарт аясында қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайларын жасау жолдарын қарастыруды ұсынды. Ал еңбек ұжымының баспана кезегіне қатысты айтқан өтінішін «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік  одағы» ҚБ-мен бірлесіп қарастыратынын  жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған ҚРКФ төрағасының орынбасары кітапхана жұмысына жоғары беріп, еңбек ұжымына ашық әңгіме үшін алғысын айтты.

«Жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіруде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының маңызы зор. Акция аясындағы кездесулер неғұрлым ашық әңгіме форматында өтсе, федерация және оның мүшелік ұйымдары жұмыскерлердің әлеуметтік, еңбек, экономикалық және басқа құқықтары мен заңды мүдделерін әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлерінде соғұрлым нәтижелі қорғай алады. Сондықтан бүгінгі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін»,-деді Нұрлан Өтешев.