ҚРКФ онлайн білім марафоны: үздік кәсіподақ тәжірибесімен алмасу

Кәсіподақтық онлайн білім марафоны аясында кезекті семинар «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» ҚБ-на қарасты кәсіподақ белсенділерімен  өтті.

Қатысушыларға  арналған алғы сөзінде ҚРКФ  Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова бұл сала кәсіподақ белсенділерімен өткізіліп отырған үшінші  семинар екенін атап өтті.

«Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы ұйымының кәсіподақ активі негізінен кәсіби біліктілігі жоғары жетекшілерден тұрады. Әрбір семинар тыңдаушылардың белсенді қатысуымен өтті. Кәсіподақ ұйымдарының төрағалары жұмыс тәжірибесімен бөлісті, ұжымдық шарттарды қабылдауда, еңбек құқықтарын қорғауда жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын өз мысалдарымен айтып берді», – деді Ләззат Есжанова.

Семинарда кәсіподақ ұйымдары қызметінің өзекті аспектілері қарастырылды.

Ең алдымен кәсіподақ қызметкерлерінің сындарлы келіссөздер жүргізе білуінің маңыздылығы атап өтілді.

Ләззат Есжанова қатысушылармен өзінің дау-дамайларды басқару дағдыларымен бөлісті.

Лектор кәсіподақ мүшелігінің тартымдылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып, кәсіподақтарға жұмысшыларды тарту технологияларымен таныстырды.

ҚРКФ ӘЭҚ және ӘӘ комитетінің басшысы Айжан Ибраева өз сөзінде ұжымдық-шарттық реттеу мәселелеріне тоқталды. Ол әлеуметтік әріптестік жүйесі мен ұжымдық шарттарды дамыту тетіктері туралы айтты. Баяндамашы әлеуметтік әріптестік аясындағы ұжымдық шарттың орындалуына баса назар аударды.

Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова нақты мысалдар арқылы еңбек дауларын шешу бойынша сот тәжірибесіне шолу жасады.

Оның айтуынша, Павлодар облыстық сотымен бірге қазір заңды күшіне енген шешімдер бойынша соттардың биылғы еңбек дауларын қарау тәжірибесі зерттелуде.

Баяндамалардың қорытындысы бойынша «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразбек Бекбас ҚРКФ-ның онлайн білім марафонының қатысушыларды теориялық және тәжірибелік тұрғыдан байытып қоймай, лекторлардың практикалық ұсыныстарын пайдалана отырып, өз білімдерін таратуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Семинар соңында қатысушылар онлайн білім марафонын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.