Денсаулық сақтау саласы бастауыш ұйымдары арасында бильярдтан турнир өтті

Қызылордада «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалы ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасында бильярд ойыны бойынша турнир өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік шаралардың шеңберінде ұйымдастырылған турнирде қатысушылар мен олардың жанкүйер әріптестері ерекше көңіл-күйде болды. Төзімділік пен мақсатқа ұмтылу қабілетін арттыратын, психологиялық пайымдау мен дәлдікті талап ететін ойын алаңында 27 қатысушы күш сынасып, араларынан жеңімпаздарды анықтады.

Жүлделі орындарды Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы, көпбейінді Байқоңыр қаласының ауруханасы, облыстық психикалық денсаулық орталығы қызметкерлері өзара бөлісті. Белсенділік танытқан облыстық жедел-жәрдем стансасының қызметкері де жанкүйерлер ықыласы марапатына лайық атанды.

Турнир қатысушыларын сала ардагерлері, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері құттықтады. «SENIM» облыстық салалық кәсіподағы атынан турнир жүлдегерлерге тиісінше жүз, сексен, елу, қырық мың теңгелік қаржылай сыйлық сертификаттары табысталды.