Жастарға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант комиссиясының отырысы өтті

Шымкентте «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының «Болашағына сенімді жастар» бағыты аясында жас кәсіпкерлердің өтініштері онлайн форматта қабылданған. Осыған орай, мемлекеттік грант комиссиясының қаралымы өткізілді. Қаралымға кәсіподақтар тарапынан комиссия мүшесі ретінде «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысты.

Қаралым барысында жалпы 507 азаматтың құжаты іріктелді.

Жалпы, қалалық Жұмыспен қамту орталығына онлайн форматта өтінім білдірген азаматтар саны -1000. Грант талаптарына сай өтінімдер беріп, комиссия қаралуына жіберілгендер – 507, құжаттары толық емес өтінімдер – 97, санатқа жатпайтындар өтінімдері – 258, ал қайталанған өтініштер саны – 138.

Айта кетсек, бұл жолы мемлекеттік грантқа 29 жасқа толмаған төмендегі санаттағы азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Олар:
1. «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтіп, арнайы сертификат алған жастар;
2. Тұрмысы төмен аз қамтамасыз етілген ағымдағы жылдың 4 тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылатын 29 жасқа дейінгі отбасы мүшелері;
3. Қандастар мен қоныс аударушылар қатарындағы жұмыссыз азаматтар.

Жоғары аталған санаттағы жастар қатары жұмыссыз ретінде немесе кәсіпкерлер үшін заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу/дара кәсіпкер мәртебесін рәсімдеу мерзімі бір жылдан аспауы тиіс.

Жалпы, мемлекеттік грант саны – 200. Грант мөлшері – 583 400 тг (200 АЕК ).

Грант комиссиясының шешімі жақын арада әлеуметтік желі парақшаларына жарияланып, қала тұрғындарының назарына ұсынылатын болады.