«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы ««Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ еңбек ұжымымен кездесті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»  акциясы аясында Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-ның  бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

Отырысқа қатысушыларды таныстырған  «Павлодар облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің  төрайымы Динара Айтжанова  АҚ-да  әлеуметтік әріптестіктің тиімді тетіктері бар екенін сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының жемісті жұмыс істеп отырғанын атап өтті.

Кездесу бұдан әрі «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ туралы бейнероликпен жалғасты. Мәлім болғандай, «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ Павлодар қаласында жолаушылар тасымалы қызметін көрсету саласында елу жылдан астам жұмыс істеп келеді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Аида Жаналиеваның айтуынша, бұл үлкен дәстүрі бар, қызметкерлерін құрметтейтін, еңбек әулеттерімен аты шыққан кәсіпорын.

Оның сөзінше, АҚ-дағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 641 яғни еңбек ұжымы кәсіподақпен  100 пайыз қамтылған. Ұжымдық шарт 2018 жылғы 29 мамырда қабылданған. 2020 жылғы 26 қарашада өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

«Құжатта демалысқа шыққан кезде біржолғы материалдық көмек көрсету, тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы беру, еңбек жағдайлары зиянды жұмысшыларға қосымша ақы төлеу сияқты  жеңілдіктер қарастырылған»,-деді ұйым төрайымы.

Ол  жұмыскерлердің кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға құқықтары да  қамтамасыз етілгенін жеткізді.

«Павлодар қалалық трамвай басқармасы» ММ басқарма төрағасының орынбасары Виталий Сирик өз сөзінде әлеуметтік әріптестікке баса мән берілетінін атап, кәсіпорында барлық маңызды шешімдердің бастауыш кәсіподақ ұйымымен  бірлесе отырып қабылданатынын айтты.

Осы тұста «Павлодар облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің  төрайымы Динара Айтжанова коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде кәсіпорын басшылығының 700 жұмыскеріне  қолдау көрсеткенін айтып, ризашылығын білдірді.

Кездесу барысында кәсіпорында лайықты еңбек жағдайларының атап айтқанда, еңбек гигиенасы мен еңбекті қорғаудың, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттары қалыптасқаны  сөз етілді.  Олардың сақталуын құрамына 7  техникалық инспектор кіретін  Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес бақылайды. Жалпы кәсіпорын еңбекті қорғауға былтыр 25 млн-нан астам теңге жұмсаған.

Кәсіпорында әлеуметтік әріптестік институтының жемісті жұмыс істеп отырғанын «Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, құрылыс және қызмет көрсету қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ» ұйымының төраймы Нелли Каримова да қуаттады. Ол «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-ның  осы саладағы ең мықты кәсіпорындардың бірі екенін айтып, мекемедегі ұжымдық шарттың тіпті биыл «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі  «Парыз» байқауына ұсынылғанын жеткізді.

Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева кәсіпорын мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына жоғары баға беріп, әлеуметтік әріптестіктің сындарлы дамып отырғанын бағамдағанын айтты. Ол желтоқсан айында депутаттар корпусы мен ҚРКФ-ның Еңбек кодексі  бойынша талқылау өткізілетінін хабарлап, саладағы кәсіподақ белсенділерін ат салысуға шақырды әрі Парламент қабырғасында болып жатқан маңызды соңғы жаңалықтардан құлағдар етті.

«Қазір Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Аталған заң жобасы квазимемлекеттік нарықтағы кәсіпорындарды реттеуге арналған. Сондықтан  сіздерге тікелей қатысы бар. Сіздердің аумаққа барғанда арнайы кездесіп, осы заң жобасын талқылауға болады. Бұдан бөлек, жақында Салық кодексін қабылдадық. Онда мобильді төлемдерді реттеу қарастырылған. Енді ұялы қосымша арқылы аударым түрінде қабылданған төлем үшін салық салынады. Алайда бұл жаңалық заңды тұлғаларға немесе кәсіпкерлерге ғана қатысты. Жеке тұлғаларға бұл салық салынбайды»,-деді Екатерина Смышляева.

Еңбек ұжымы тарапынан еңбек заңнамасына өндірістегі  жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның міндетінен алып тастау, қызметкер мен жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін анықтау бойынша Еңбек кодексіне өзгеріс енгізуге қатысты қойылған сұраққа, депутат аталған мәселенің күн тәртібінде тұрғанын және  ҚРКФ тарапынан әзірленіп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың қатарында екенін айтты.

Кездесуді қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кәсіпорын мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына және әлеуметтік әріптестік деңгейіне жоғары баға берді.

«Жыл басынан бері ҚРКФ басшылығы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?»  акциясы аясында 73 кездесу өткізді.  Аталған кезеңде елімізде 70-тен астам еңбек дауы тіркелді. Жұмыскерлер жалақының мөлшерін көтеру және еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Алайда тек 31- інде ғана кәсіподақ бар болып шықты. Бұл  кәсіподақ бар жерде сындарлы диалог қалыптасқанын, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүддесін қорғау бойынша нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын білдіреді. Қазір кейбіреулерінде бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылуда.  Себебі біздің еңбек даулары тіркелген облыстардағы Аумақтық кәсіподақ бірлестіктері кәсіподақтың бар-жоғына қарамастан, барлық еңбек дауларын шешуге араласты. Осы келіссөздердің арқасында еңбек даулары ұзаққа созылмай, тараптар келісімге тезірек келді. Сондықтан әлеуметтік әріптестікті тең құқықтық және тепе-теңдік, өзара құрмет пен сенім қағидаттары негізінде дамытуға ат салысып отырған «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ басшылығына ҚРКФ атынан ризашылығымды білдіремін»,-деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары.