Әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселесі қаралды

Жаңаөзен қаласының әкімдігінде әлеуметтік-әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мәселелерін қарау үшін қала әкімінің төрағалығымен отырыс өтті.

Отырыста Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров биылғы жылдың 29 маусымынан бастап қазіргі таңға дейін қала бойынша кәсіпорындарда еңбек қатынастарынан мәселелер туындағанын алға тартып, еңбек ұжымдарындағы еңбек заңнамаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етіп, еңбек дауларының алдын-алу қажеттігін ескертті. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарына қатысты мәселерді дер кезінде қарау, еңбек дауларының алдын алу мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Меңдібаевтың төрағалығымен жедел штаб құрылғанын хабарлады.

Штаб құрамына Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, прокуратура, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілді. Жедел штаб мүшелері әрбір кәсіпорында орын алған еңбек дауларына байланысты жан-жақты келіссөз жүргізіп, нәтижесінде бір мәмілеге келіп, бүгінде кәсіпорындар штаттық режимде еңбек етуде.

Отырысқа арнайы келген Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы кәсіподақ мүшелерімен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша бірлікте қызмет етуге шақырды. Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі М.Ибағаров жауапты тұлғаларға әлеуметтік әріптестікті тиімді реттеу, еңбек дауларына жол бермеу, жедел әрекет ету т.б. тапсырмаларды берді.