Кәсіподақтық білім марафоны – үздік кәсіподақ тәжірибесінің көзі

Кәсіподақтық онлайн білім марафоны аясында ұйымдастырылған кезекті семинар Атырау және Батыс Қазақстан облыстары кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен өтті.

Семинарды ашқан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, ҚРКФ-ның 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру аясында кәсіподақ тәжірибесімен алмасу көзделген.

«Дәріскерлер ұсынған тақырыптар тәжірибеге негізделген. Бұл кәсіподақ жұмысында өте құнды тәжірибе. Кәсіподақ кадрларының құқықтық сауатын көтерудің арқасында ұжымдық шарттардың нормалары жетілдіріледі. Бұл өз кезенде жұмыскерлердің жағдайын жақсартуға сеп болады», – деді  ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақ орталығының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Людмила Голенкова ұжымдық келісімдер арқылы Еңбек кодексінің нормаларын жетілдіруге тоқталды.

Әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңыздылығын айта келе, ол кәсіподақ басшыларын ұжымдық шарттардың нормаларына қатысты жұмыста мұқият болуға шақырды.

«Бүгінде барлық кәсіподақ ұйымдары ұжымдық шарттың артықшылықтарын жақсы меңгеруі қажет. Әлеуметтік әріптестік құжаттарында жұмысшылардың позициясын жақсарту үшін заңнамалық мүмкіндіктерді толық пайдалану керек, оның бірі ұжымдық шарт. Мықты ұжымдық шарттың қызметкерге де, жұмыс берушіге де оң жақтары бар», – деді Людмила Голенкова.

Павлодар облысы кәсіподақтары аумақтық бірлестігіндегі «Татуласу орталығының» басшысы Марина Иванова еңбек қатынастарын реттеу тақырыбына тоқталды.

Ол  қатысушыларды Кәсіподақ орталығы мен Павлодар облысы соттарының заңды күшіне енген шешімдер бойынша еңбек дауларын қараудың сот тәжірибесіне мониторинг жүргізу бойынша бірлескен жұмысы туралы хабардар етті.

Семинар соңында қызу пікірталас болды.

Естеріңізге сала кетейік, онлайн білім марафоны ҚРКФ-ның  бастамасымен биыл 21 маусымында басталған болатын. Акция аясында еліміздің барлық салалары мен өңірлерінен кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен 240-тан астам семинар өткізілді.