ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин елордаға кәсіби біліктіліктерін көтеруге келген маңғыстаулық кәсіподақ белсенділерімен кездесті

Кездесуге федерация төрағасының кеңесшісі Біржан Нұрымбетов, Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің  төрағасы Бауыржан Мусин, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РКБ төрағасы Қайрақбай Жанабеков, заңгері Төлеген Шайымов,  «М-Техсервис» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Қыдыркелді Аяғанов,  «Мұнайфилдсервис» ЖШС жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ахмет Сүйірханов, «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Бекбергенов, «Кезби» ЖШС жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ұлықпан Жолмұрат, «ТрубРемЦентр» ЖШС жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының  төрағасы Бақытжан Меретаманов, кәсіподақ комитетінің мүшесі Жанбосын Шандыбаев қатысты.

Аталған кәсіподақ ұйымдары «YNTYMAQ» салалық кәсіптік одағы» РКБ-і құрамында.

Мұнай саласындағы бұл кәсіпорындардың басым бөлігінде биыл еңбек дауы шығып, олар «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы», «Манғыстау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Кәсіподақтар федерациясының тікелей араласуымен жұмыскерлердің пайдасына шешілген болатын.

Мұнайшылар кәсіподақтарының көшбасшылары ҚРКФ басшылығына өз еңбек ұжымдарындағы қазіргі ахуал туралы хабар берді және шешімін табуды талап ететін өзекті мәселелерді ортаға салды.  Еңбек дауларында жұмыскерлер талаптарының Кәсіподақтар федерациясы, салалық кәсіподақ, аумақтық кәсіподақ бірлестігі тарапынан дер кезінде болған қолдаудың арқасында қанағаттандырылғанын айтып, ризашылықтарын жеткізді.

«Кәсіподақ құрылғалы көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелерді шеше алдық. Бұл жұмыс берушімен болған келіссөздерге тікелей өздеріңіздің араласуларыңыздың арқасында мүмкін болды.  Еңбек даулары мен әлеуметтік-еңбек жанжалдарын заң аясында шешуде құқықтық көмек те аз болмады.  Осы қолдауларыңыз үшін ризашылығымды білдіремін»,-деді «ТрубРемЦентр» ЖШС жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бақытжан Меретаманов.

Кәсіподақ белсенділері өз еңбек ұжымыдарында қазір жағдайдың тұрақты екенін, дегенмен шешілуі тиіс өзекті мәселелердің бар екенін айтты. Олар негізінен жалақы мөлшерін көтеру, лайықты еңбек жағдайын жасауға қатысты болды.

«Еңбек өнімділігі мен сапасына сәйкес лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету –әлі де болса мұнайшылардың басты базынасы. Біздегі еңбек дауларының басты себебі де осы. Бұл болашақта тағы да еңбек дауларының туындауына алып келуі мүмкін. Сондықтан федерация тарапынан еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіруде қолдау сұраймыз»,- деді «Мұнайфилдсервис» ЖШС жұмыскерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ахмет Сүйірханов.

Сатыбалды Дәулеталин «YNTYMAQ» салалық кәсіптік одағы» РКБ төрағасына кәсіподақ белсенділері жеткізген мәліметтерге талдау жасауды тапсырды. Еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру мәселесінің федерацияның күн тәртібінде тұрғанын, 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясындағы басты міндеттердің бірі екенін ескертіп, алға ілгерілеу бар екенін айтты. Сатыбалды Дәулеталин Президенттің биылғы Жолдауындағы ең төменгі жалақыны 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы бастамасында кәсіподақтардың да үлесі бар екенін жеткізді.

ҚРКФ төрағасы федерацияның ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен ХЕҰ стандартына сәйкестендіру үшін ХЕҰ -ның № 131 Конвенциясын ратификациялау және жалақыны жыл сайынғы индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекітуге ұмтылып жатқанын, қазір   әлеуметтік әріптестермен арнайы жұмыс тобы аясында бірлесе жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.

«Еңбекақыны индексациялау ұжымдық шарт арқылы реттелуде. Қазір елде 145 мыңнан астам ұжымдық шарт болса, индекстеу тек олардың 10 %-да ғана бар. Қалған 90%-ында жоқ. Сондықтан бұл мәселе заңмен міндеттелуі керек. Кәсіподақтар федерациясының ұстанымы осындай. Жалпы федерация былтырғы съезінде ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, индексациялауды заңмен міндеттеу және ХЕҰ -ның «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» ХЕҰ № 131 конвенциясын ратификациялауды міндет етіп қойды. Ең төменгі жалақы мөлшері көбейді яғни бірінші қадам жасалды. Жалпы біз ең төменгі жалақы орташа жалақының 50% -ын құрауы керек деген пайымдамыз. ХЕҰ стандарты да осындай. Сондықтан ең төменгі жалақыны халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейге дейін кезең-кезеңмен жоғарылатуға ұмтыламыз.  Қазір осы екі міндетті алға жылжыту бойынша жұмыс жатырмыз»,-деді ҚРКФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин сонымен қатар, өткен айда Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ITUC) Брюссельдегі кеңсесінде жұмыс сапарымен болғанын, аталған ұйымдардың федерацияның осы ұстанымдарын қуана құптап отырғанын жеткізді.

ҚРКФ төрағасы еңбек дауларының заң шеңберінде сындарлы диалог арқылы шешілу қажеттігін ескертті. Қолданыстағы заңнаманың еңбек дауларын шешуде тиімсіз екенін айтып, федерацияның талап қою және ереуіл жариялау процедурасын жеңілдету үшін Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытында да жұмыс істеп жатқанын еске салды.

«Біздің басты міндет – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесіне тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жетілдіру. Бүгінгі кездесуде сіздердің тараптарыңыздан айтылған ұсыныс-пікірлер осы жұмыс барысында ескеріледі. Кәсіподақ –Еңбек Адамының қорғаны. Кәсіподақтардың араласуының арқасында еңбек дауларының 90%-ы оң шешілді.  Ереуілдердің көбі заңсыз болды. Бүкіл процедураларды сақтау қиын. Сондықтан заңнамалық негізде жеңілдетуді қарастырып жатырмыз. Ереуіл – біздің басты құралымыз. Бірақ оны бей-берекет қолдану дұрыс емес. Мейлінше заң аясында шешу қажет. Шындап келгенде, бұл мәселеде аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің, салалық кәсіподақтардың, федерацияның да өз тетіктері бар»,-деді Сатыбалды Дәулеталин.

Төрағасы осы орайда федерация тарапынан қолға алынып жатқан кәсіподақ кадрларының жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетін қалыптастыру шараларының маңызы зор екенін айтты.

Айтып өтейік, кездеуге қатысқан маңғыстаулық кәсіподақ белсенділері елордада федерация тарапынан ұйымдастырылған семинар-тренинге қатысуда. Олар екі күнге жоспарланған шара барысында еңбек даулары мен әлеуметтік-еңбек жанжалдары барысында жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар алдында кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын сапалы қорғауға машықтанады. Атап айтқанда, оларға еңбек заңнамасының нормалары түсіндіріледі, келіссөздер жүргізу дағдылары үйретіледі және консенсусқа қол жеткізу жолдары көрсетіледі.