Ақжайық ауданының ауыл шаруашылық саласы қызметкерлерінің еңбегі атап өтілді

Ауыл шаруашылығы күніне орай аудандық мәдени-демалыс орталығында мерекелік шара өтті. Шараға жиналғандар алдымен ауылдық округ әкімдерінің жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында атқарған жұмыстарымен танысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда аянбай еңбек етіп жүрген мекеме, бөлім қызметкерлеріне, ауылдық округ әкімдері және ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілеріне облыс және аудан әкімінің, облыстық басқарма басшыларының Алғыс хаттарын табыстап, шаруа қожалық жұмысшыларын арнайы аталымдар бойынша диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Өз кезегінде шараға арнайы келген Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Амангелді Давлетжанов құттықтау сөз сөйлеп, саланың дамуына сүбелі үлес қосқандары үшін бірқатар азаматтарға ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы атынан «Елеулі еңбегі үшін» медалін, 2-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін және Алғыс хат табыстады.

Сонымен қатар, аудандық кәсіпкелік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Сердалин аудан бойынша ауыл шаруашылығын дамыту көрсеткіштері туралы баяндама жасап, өз атынан ауылдық округтердегі шаруа қожалық жетекшілерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Шара мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары ұсынған концертік бағдарламамен жалғасын тапты.