Кәсіподақ нан комбинаты еңбеккерлерін марапаттады

“ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” ҚБ Ақтөбе филиалының төрағасы Т.Сұлтанғалиев ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында «Ақтөбе-нан» өнімдері комбинатының еңбеккерлері мен бір топ ардагерлерді құттықтады.

Бұрыннан «Нан комбинаты» деген атпен танымал болған бұл мекеменің тарихы сонау 1938 жылдан басталады. Кәсіпорын 2003 жылдан бастап «Ақтөбе-нан» ЖШС болып қайта құрылды.

«Ақтөбе-нан» ЖШС бүгінгі күні нан-бөлке, макарон және кондитер өнімдерін шығарады. Кәсіпорын қала нарығын тәулігіне 15 тоннадан астам нан-бөлке және 3 тоннадан астам басқа өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. «Нан комбинаты» өнімдерінің ассортиментін жыл сайын ұлғайтып келеді. Қазір комбинат өнімдерінің түрлері 60-тан асады.

Комбинаттың еңбеккерлері Салалық кәсіподақтан алғыс хат және құрмет грамоталарымен марпатталды.

Сонымен қатар әлеуметтік әріптестер мен қатар бірқатар еңбеккерлерге Салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісі табыс етілді.

“Нан комбинатында барлығы 230-дан астам адам еңбек етеді. Оларда біздің Салалық кәсіподаққа қарасты бастауыш ұйым жұмыс жасайды. Кәсіпорында жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Жұмысшылардың жұмыс кезінде тамақтануы үшін тегін асхана жұмыс жасайды. Кәсіпорын мен жұмысшылар арасында ұжымдық шарт жасалған. Біз өзіміздің бастауыш ұйымдарымызға ерекше көңіл бөлеміз”, – деп атап өтті салтанатты шарада Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің Салалық кәсіптік одағының Ақтөбе филиалының төрағасы Т.Сұлтанғалиев.