Ауыл шаруашылығы майталмандары марапат төрінде

Ауыл шаруашылығы – халқымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты буынының бірі. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз, тірлікке қажетті еңбектерінің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор дамып келеді. Соңғы жылдары аймақта мал мен егін шаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар оң істер атқарылды.

Атырау қаласындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиынға саланың еңбек ардагерлері, фермерлер мен ұқсату өндірісінің озаттары, кәсіподақ белсенділері қатысты. Жиналғандар алдымен өңірдің ауыл шаруашылығы саласының биылғы жеткен жетістіктері туралы баяндалатын бейнекөрсетілімді тамашалады.

Мұнан соң мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен байланысты екендігіне және аталған сала елімізде мұнай өндіруден кейінгі экономиканы дамытудың басты тетігінің бірі болып табылатындығына тоқталды. Салтанатқа қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтаған ол бір топ сала ардагері мен озаттарына Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерін және министрліктің Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Жиында облыстың Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевті 75 жасқа толу қуанышымен аймақ басшысы атынан құттықтаған Қ.Нұрлыбаев қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауап, мерейгерге зор қошамет көрсетілді.

Атырау облыстық мәслихаты және барша депутаттар корпусы атынан құттықтау сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтары өкілдеріне облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарын табыс етті.

Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде озық көрсеткіштерге қол жеткізген бір топ еңбеккер он аталым бойынша сала үздіктері деп танылып, құрмет көрсетілді.

Кәсіби мерекеде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аманкелді Сағидоллаұлы «Социалистік Еңбек Ері Сақан Дәулетқалиев атындағы жүлде жеңімпазы» деп танылған Индер ауданындағы «Қарақұдық» шаруа қожалығының шопаны Еділбай Қажыкеновке көк лентаны тағып, жүлде мен облыстық басқарманың дипломын тапсырды. Ал, жеңімпазға атақты малбегінің ер қаруы болған қамшысының фотонұсқасын Сақан Дәулетқалиевтің ұлы Максим табыс етті.

Мерекелік кеште Фермерлер одағы қауымдастығының облыс бойынша өкілдігінің төрағасы Мұрат Сарманов мереке иелерін құттықтап, бір топ әріптесіне Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, Құрмет грамотасын және «Үздік фермер» төсбелгісін тапсырды.

Мерекелік салтанатқа қатысушыларға өңір өнерпаздары сазды сәлемін жолдады.