«Жасай бер, Жаса менің Қазақстаным!» өнер фестивалі жоғары деңгейде өтті

Атыраудың Жұмыскер мәдениет үйінде қаладағы мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тамаша шара өтті.

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» Атырау қалалық филиалы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Жасай бер, Жаса менің Қазақстаным!» атты балабақша ұжымдары арасындағы өнер фестивалі лауреаттарының қорытынды концертін ұйымдастырды.

Бұл күні білімі мен біліктілігі кемеліне келген ұстаз-тәрбиешілермен қатар, сол мекемелерде еңбек ететін барша қарапайым мамандық иелері де сахна төрінде мың құбыла би билеп, ән шырқады, күмбірлетіп күй төкті. Концерттік бағдарламаның алғашқы шымылдығын № 38 «Аққайың» бөбекжай балабақшасы ұжымы «Қазақстан қыран далам» атты хорымен ашты. Көз тартар әсем киінген қыз-келіншектердің дауысы әп-сәтте бүкіл залдағы көрермендер жүрегін жаулап алғандай болды.

Өнерпаздардың концерттік бағдарламасы бірінен соң бірі осылайша жалғасын тапты. Арасында №19 «Шұғыла» бөбекжай бақшасы ұжымының 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «Тәуелсіздік құрбаны» атты әдеби-музыкалық қойылымы да дараланып көрінді. №11«Таңшолпан», №38«Аққайың» балабақшасы ұжымдарының домбыра оркестрлері орындаған «Келіншек», «Ерке сылқым» күйлері, №59 «Ақбөбек», №10 «Құлыншақ» балабақшасының әжелер ансамблі шырқаған «Балапан қаз», «Гүлдерайым» әндері, «Қазақ қазына» (№39 «Ақкөгершін»),«Асатаяқ» (№35 «Балақай») атты би қойылымдары да көрермендер ризашылдығына бөленді.

Жалпы бұл күнгі өнер фестивалінің қорытынды концертіне қаладағы елуге жуық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен таңдалған өнерлілер қатысты. Ай жарымға созылған байқаудың қорытындысын бағалаған әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орынға № 38 «Аққайың» бөбекжай бақшасының өнерпаздары лайықты деп танылды. Екінші орынды №11 «Таңшолпан» және №59 «Ақбөбек» бөбекжай бақшалары иеленді. Үшінші жүлдені №10 «Құлыншақ», №29 «Нұрсая», №4 «Бәйтерек», №36 «Нұрәлем» және №39 «Ақкөгершін» бөбекжай бақшалары ұжымдары жеңіп алды. Сонымен қатар, қазылар алқасы «Жеңіске ынталы өнер ұжымы», «Ұйымшыл ұжым», «Талантты өнер ұжымы» және «Жас өнерлі ұжым» аталымдары бойынша да үздіктерді анықтады.

«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы, қалалық филиал төрағасы Бақытжан Мусағалиев өнер фестивалі жүлдегерлеріне салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын және сертификаттар табыс етті.