Келісім комиссияларының мүшелері оқытылды

Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 2021 жылғы 19 қарашада online режимінде қатысушылар саны он екі адамнан асатын “Компания Нефтехим LTD” ЖШС келісу комиссиясының мүшелерін оқытуды өткізді.

“Компания Нефтехим LTD” ЖШС – МТБЭ (метил-трет-бутил-эфир) және полипропилен өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын.

12 адамнан тұратын жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі келісім комиссиясы “Компания Нефтехим LTD” ЖШС тіркелген күннен бастап құрылды және жұмыс істейді. Екінші жыл қатарынан кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорын “Павлодар облысының Кәсіподақ орталығы” аумақтық бірлестігіне жүгініп, келісім комиссиясының мүшелерін оқытуға ниет білдірді.

Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 23-бабы 1-тармағының 26) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші келісім комиссиясын құруға және оны Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және еңбек дауларында консенсусқа қол жеткізу бойынша жыл сайын оқытуға міндетті.

Татуластыру орталығының басшысы М.Иванова Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 15-тарауының жеке еңбек дауларын қарау тәртібі туралы ережелерін тыңдаушыларға түсіндірді, еңбек дауы ұғымы, келісім комиссиясының еңбек дауын шешу тетігі мен оның жұмыс регламентіндегі құқықтық жағдайы, еңбек дауын қарау мерзімдері және оны қарау тәртібі, қабылданған шешімнің орындалуы туралы айтты.

Облыстық соттың судьясы Г.Тергемесова оқыту қатысушыларының назарын татуластыру рәсімдерінің түрлеріне, дау (жанжал) қатысушыларын татуластыру бойынша азаматтық сот ісін жүргізу міндеттеріне аударды, партисипативтік келісім, бітімгершілік келісім және Медиация туралы келісім жасасу тетігін түсіндірді.

Еңбек дауларын шешу бойынша сот тәжірибесі туралы айта отырып, Павлодар қалалық сотының судьясы В.Шевченко келісім комиссиясында еңбек дауын сотқа дейін реттеу бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптарын орындау қажеттігіне назар аударып, сот шешімін шығарусыз істі аяқтау мүмкіндігін растайтын сот практикасына жасалған талдаумен таныстырды. Спикер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының “Еңбек дауларының алдын алу туралы” пилоттық жобасының мақсаттары мен міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталып, келісім комиссиясының рөлін атап өтті.

Тыңдаушылар В. Сафронованың сөзінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар төлеу ережелері туралы жаңа білім алды.

Спикер М.Иванова “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қашықтықтан жұмыс істеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заңы мен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

Тыңдаушылар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің негізгі ережелерін және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы №9 “Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы” нормативтік қаулысын назарға алды.

Тәжірибелі медиатор М.Иванованың кәсіподақтардың татуластыру орталығының медиативтік практикалары мен жұмысы туралы баяндамасы қызығушылықпен қабылданды. Тыңдаушылар алған білімдерін кейстік есептерді шешу арқылы тексерді.