Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі “Майқайыңалтын” АҚ келісім комиссиясының мүшелеріне оқыту семинарын өткізді

2021 жылғы 19 қарашада Павлодар облысының Кәсіподақ орталығы “Майқайыңалтын” АҚ келісім комиссиясының 12 мүшесін оқыту мақсатында семинар өткізді.

1932 жылы құрылған “Майқайыңалтын” АҚ құрамында алтыны бар колчедан-полиметалл кендерін өндіру және қайта өңдеу бойынша Қазақстанның жетекші кәсіпорындарының бірі болып табылады.

Акционерлік қоғамның негізгі байлығы – 860 қызметкері бар еңбек ұжымы. “Майқайыңалтын” АҚ барлық жұмыскерлері – кәсіподақ мүшелері және Л.Новикованың төрағалығымен бастауыш кәсіподақ ұйымына бірікті.

Семинарға қатысушылар келісім комиссиясын құру және оның жұмыс істеу рәсімімен, келісім комиссиясы туралы Ережемен, еңбек заңнамасының негіздері мен новеллаларымен, бітімгерлік келіссөздер рәсімін қолдану және еңбек саласындағы жанжалдарды реттеуде консенсусқа қол жеткізу, зейнетақы жинақтарын пайдаланудың құқықтық режимімен, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарды ұстап қалу, аудару және пайдалану тәртібімен, еңбек дауларын қарау кезінде азаматтық сот ісін жүргізу рәсімімен таныса алды.

Семинардың спикерлері Павлодар облыстық сотының судьясы Г.Тергемесова, Павлодар қалалық сотының судьясы В.Шевченко, “Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті” РММ басшысы Е.Губарев, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Павлодар облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы  В.Сафронова, “Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ филиалының директоры А.Капенова болды.

Павлодар облысы Кәсіподақ орталығының татуластыру орталығының басшысы, кәсіби медиатор, 40 жылдан астам заңгерлік тәжірибесі бар сот жүйесінің ардагері М.Иванова еңбек дауларын шешудегі медиацияның ерекшеліктері туралы айтып, тыңдаушылармен ҚР Еңбек кодексінің барлық тараулары бойынша кейстік міндеттерді шешудегі еңбек заңнамасын қолданудың практикалық мәселелерін қарастырды, еңбек заңнамасының негіздерін түсіндірді.

Семинарға қатысушылар еңбек заңнамасының негіздерін біліп қана қоймай, еңбек саласындағы даулы жағдайларды шешуде еңбек заңнамасын практикалық қолдану дағдыларын да алды.

Семинардың әрбір қатысушысына Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ҚР Еңбек кодексінің 159-бабының талаптарына сәйкес жыл сайынғы міндетті оқудан өткені туралы сертификаттар табыс етті.