Сала үздіктері марапатталды

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аумақтық нспекция басшысы Арман Құмарғалиев әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Махамбет аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы Күләш Дәуітбай атаулы күнге орай баяндама жасады. Жиналысқа қатысқан ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Жұмазия Есімова еңбек озаттары мен кәсіподақ белсенділеріне салалық кәсіподақтың марапаттарын табыс етті. «Елеулі еңбегі үшін» медалімен инспекцияның өсімдіктер карантині бөлімінің басшысы М.Сұлтанмұратов, екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Исатай, Жылыой аудандық аумақтық инспекцияларының бас мамандары А.Ерғалиева, Г.Муханбедиярова марапатталды. Ал, жылыойлық Н.Елеместің кеудесіне министрліктің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі тағылды. Сондай-ақ, бір топ қызметкерге мемлекеттік инспекция комитеті мен аумақтық инспекцияның Алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік салтанат мұнан соң интеллектуалды шараға жалғасты. Өсімдік өнімдерінен құрастырылған көрме бұрышын көпшілікке паш еткен шараны ұйымдастырушы – өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы әрі кәсіподақ комитетінің төрайымы Абила Қазиева әріптестерін «Тұлпар», «Алтын дән», «Асқабақ» атты үш командаға бөліп, әрқайсысына мерекеге байланысты сұрақтар қойды. «Кім тапқыр», «Мықты капитан», «Мақалды жалғастыр» атты үш айналымнан тұратын қызықты ойында «Алтын дән» командасы ойыншыларының мерейі үстем болды.