«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы «ERG Service» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті

Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?»  акциясы жалғасуда. Акция аясында федерация төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева «ERG Service»  ЖШС -нің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

Әдеттегідей онлайн өткен шараға «ERG Service»  ЖШС-дегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Корягина, өндіріс жөніндегі директоры Леонид Белогривый, HR-бизнес-әріптесі Екатерина Попова, еңбек қауіпсіздігі бойынша инженері Сергей Третьяков, «Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы Қазақ кәсіподақ металл» ҚБ  Павлодар облыстық филиалының төрайымы Раушан Даумова және 12 цехтың кәсіподақ комитеттерінің төрағалары қатысты.

Кездесуді ашқан Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова акция аясында облыста ҚРКФ басшылығының қатысуымен 10-нан астам кездесу өткізілгенін, оның 3-уі 15 мыңнан астам  жұмысшыны біріктіріп отырған  тау кен металлургия саласындағы кәсіпорындармен болғанын айтты.

«ERG Service»  ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Корягинаның сөзінше, ұйым 2018 жылы құрылған. Бүгінгі күні оның қатарындағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 2405. Бұл кәсіподақ жұмыскерлері санының 94%-ын құрайды. Үш жылға арналған екіжақты ұжымдық шарт 1 сәуірде күшіне енген.

«Шартта декреттік демалыстағы қызметкерлерге ай сайынғы материалдық көмек, көп балалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы еңбекке жарамсыз болғанда жәрдемақы төленеді. Бұл әсіресе, қазіргі коронавирус пандемиясы жағдайында өзекті. Бұның сыртында медициналық көмек бар, жұмысқа тегін жеткізіледі. Ал 20 жылдан астам қызмет еткен жұмыскерге «Еңбек ардагері» деген атақ беріліп, медаль табысталады»,-деді Ольга Корягина.

Серіктестіктің өндіріс жөніндегі директоры Леонид Белогривый жас кәсіпорын бес жылда үздік сервистік компания атануды көздеп отырғанын, бұндай өршіл міндетке бірлігі бекем ұжым ғана жете алатынын айтты.

«Ұжымның бірлігін арттыру үшін кәсіподақпен тығыз қарым-қатынастамыз. Жұмыскерлерге тұрмыста ғана емес, өндірістік алаңдарда да әлеуметтік тұрғыдан көп көңіл бөлінеді. Біздің барлық әлеуметтік нысандар яғни  асхана, жуынатын бөлме, демалыс бөлмелеріне  Еуразиялық Топтың біріңғай стандарттарына сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өндірісті жаңғырту, еңбек жағдайын жақсарту, жаңа құрал-жабдықтарды енгізу басым бағыттардың қатарында»,-деді ол.

Осы тұста АКБ төрайымы Динара Айтжанова кәсіпорынның жұмыскерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жобасын еске алды. Мәлім болғандай, аталған жоба жұмыскерді зиянды және қауіпті өндірістік факторларың әсерінен қорғауға аралған заттарды арнайы белгіленген жерден қажетті уақытында, қажетті көлемде алуына мүмкіндік береді.

«ERG Service»  ЖШС-нің өндіріс жөніндегі директоры Леонид Белогривыйдың сөзінше, жоба пилоттық кезеңде өз тиімділігін көрсетті. Жұмысшылардың көңілінен шықан әрі қорғаныш заттарына кететін шығын үнемделген.

Еңбек қауіпсізігі тақырыбын әрі қарай серіктестіктің еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженері Сергей Третьяков жалғастырып, жұмыскерлерің жеке қорғаныш құралдарынан бөлек, бет терісін қорғауға арналған крем және спреймен қамтамасыз етілетінін айтты. Оның сөзінше, өндірістік жарақаттанудың және кәсіби аурулардың  алдын алу мақсатында қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексеріледі, қауіпті өндірістік факторлар әр 10 күн сайын өлшеніп отырады.

Сонымен қатар, кездесуде кәсіпорында өндірістік кеңес пен келісім комиссиясының құрылғаны айтылды.

Кездесуге қатысқан «Тау-Кен металлургия салалық кәсіптік одағы Қазақ кәсіподақ металл» ҚБ  Павлодар облыстық филиалының төрайымы Раушан Даумова кәсіподақ ұйымының  әлеуметтік әріптесімен  өзара тең құқықтық қарым-қатынас құрып отырғанын атап өтіп, ұжымдық шарттың үздіктердің қатарында екенін айтты.

Кездесу барысында «ERG Service»  ЖШС-дегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Корягина  кәсіподақ мүшелері атынан ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу тәртібіне қатысты өз ұсынысын жеткізді.

«Қазір еңбек ұжымдарында «Әлеуметтік әріп­тес­тік туралы» жаңа заң жобасы талқыланып жатыр. Ұжымдық шартты жасау және бекіту барысында біз бірқатар қиындықтарға тап болдық. Сондықтан аталған жобаға тараптар 1 күнтізбелік ай мерзімінде ұжымдық шарт ережелері бойынша  келісімге келіп, қол қою процедурасынан өтуі қажет деген ұсынысымыз бар»,-деді кәсіподақ төрайымы.

Кездесуді қорытқан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестікке жоғары баға берді, жұмыс берушіге Еңбек Адамына деген қамқорлығы үшін алғысын айтты. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы жұмыстарын өзгелермен бөлісуге тұраралық үздік тәжірибе дегенді айтты. Ұжымдық шарт, еңбек қауіпсіздігі бағытындағы жобаларымен  «Парыз» республикалық байқауына қатысуды ұсынды.

«Ұжымдық шартқа қатысты айтылған ұсынысқа келсек, қазір ҚРКФ  «Әлеуметтік әріп­тес­тік туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті.  Бұны біз  2020-2025 жылдарға арналған стратегиямызда айқындадық, осы жұмысты жүргізетініміз туралы әлеуметтік әріптестіктің өзге тараптарымен  Бас келісімде де келістік. Жалпы әлеуметтік әріптестермен  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аясында ең төменгі жалақы өлшемдерін  белгілеу бойынша жұмысты жалғастырудамыз.  Қазір министрлік, әлеуметтік әріптестермен бірге белсенді түрде еңбек қауіпсіздігі бойынша жаңа бағдарламаны   әзірлеуге қатысып жатырмыз. Сонымен қатар, еңбек заңнамасын жетілдіруге ат салысудамыз. Кеше ғана еңбек дауларын шешу бойынша жаңа ұсыныс түсті.  Жұмыс тобының құрамына Павлодар облысының өкілдері де кірді. Осы және келесі аптада аталған сұрақтар бойынша жұмыс істейміз»,-деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Төрағаның орынбасары сонымен қатар, өз сөзінде федерацияда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Атап айтқанда, ҚРКФ-ның ХЕҰ-ның   «Еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық пен алымсақтықты жою туралы» №190 Конвенциясын ратфикациялау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Конвенцияның нормаларын ұжымдық шартқа енгізу арқылы  орындауға болатынын ескертті.  ҚРКФ-ның ХЕҰ-ның «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясы мен  «Әлеуметтік қамтамасыз етудің минимал нормалары туралы» № 102  конвенциясын және лайықты еңбекті анықтайтын тағы да басқа бірқатар маңызды  конвенцияларды ілгерілетуді қолға алғанын  айтты.

Еңбек дауларының алдын алу мақсатында кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғаудың  күшейтіліп жатқанын, Заң клиникасы жобасының іске қосылғанын айтты.  Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның Кәсіподақтар федерацияларының таяуда Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесін құрғанын, ҚРКФ-ның ХЕҰ және ХКК-мен қарым-қатынас орнатқанын да еске салды.