Атқару комитетінің мүшелері Бас Кеңестің күн тәртібін талқылады

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің кезекті отырысы өтіп, онда кәсіподақ жұмысының өзекті мәселелері қаралды.

Отырыс барысында Атқару комитеті Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысын 2021 жылғы 24 желтоқсанда өткізу туралы шешім қабылдады.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев қатысушылардың қарауына Бас кеңестің күн тәртібін ұсынды, оны Атқару комитетінің мүшелері бірауыздан қолдады.

Атқару комитетінің қаулысына сәйкес Бас кеңес мүшелері Кәсіподақтар федерациясының, сондай-ақ Активтерді басқару жөніндегі дирекция мен Тексеру комиссиясының 2021 жылғы жұмысын қорытындылайды.

Кәсіподақтар федерациясының келесі жылға арналған Кешенді жоспары мен бюджетін анықтайды және Орталық Азия кәсіподақтары кеңесін дамыту мәселелерін талқылайды.

Сондай-ақ Бас кеңесте кәсіподақ қызметкерінің Әдеп кодексін, Бас кеңес құрамын және Атқару комитетінің құрамын ротациялау мәселелері қаралады.

Атқару комитетінің мүшелері «Қазақстан Еңбек Адамы» корпоративтік қорының директоры Дария Хамитжанованың есебін тыңдады.

Оның айтуынша, қор қызметі халық арасында ғылыми-зерттеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруға, әлеуметтік-еңбек саласындағы әлеуметтік және т.б. зерттеулер жүргізуге бағытталған.

Қор ауылдық жерлердегі жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасын ұйымдастырған.  Ұлы отан соғысында қаза тапқан Ресей Федерациясына қарасты Иваново облысындағы әскери  зираттарда  жерленген қазақстандық жауынгерлердің туыстарын табуға көмектесіп, су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына қайырымдылық акциясын өткізді және «QAMQOR QAZAQSTAN» әлеуметтік жобасын жүзеге асырған.

Дария Хамитжанова айтқандай, келесі жылы қордың  2021-2023 жылдарға арналған даму стратегиясы әзірленеді. Сонымен қатар, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды және әлеуметтік-мәдени шараларға белсенді қатысуды жалғастырады.

Күн тәртібіне сәйкес Атқару комитетінің мүшелері «Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы» РКБ Активтерді басқару дирекциясының «Өскементурист» ЖШС, «Павлодартурист» АҚ және «Қостанайтурист» ЖШС қонақ үй кешендерін тиімді пайдалану тетіктерін әзірлеу туралы бастамасын мақұлдады.

Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ қозғалысының ардагеріне материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.