Медиацияның маңызы артып келеді

Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі “Мир” өңіраралық Медиация орталығы” ЖМ-мен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының “Медиация туралы” Заңының қабылданғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Іс-шараға судьялар, салалық, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдары филиалдарының өкілдері, медиаторлар, адвокаттар, Павлодар облысының заң консультанттары палатасының, “Павлодар облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы” ММ заңгерлері қатысты.

Павлодар қалалық сотының судьясы А.Азимбаев “Азаматтық сот ісін жүргізудегі татуластыру рәсімдері” тақырыбында баяндама жасап, “Павлодарэнерго” энергетиктердің жергілікті кәсіподағы” ҚБ төрағасы Б.Төлеубаев “Келісу комиссиясы жеке еңбек дауын шешу тәсілі ретінде” тақырыбында, “МИР” өңіраралық Медиация орталығы” ЖМ басшысы С.Қайдарова, “Медиация – дауларды шешудің баламалы тәсілі” тақырыбында, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығының басшысы, медиатор, сот жүйесінің ардагері М.Иванова “Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығында медиатордың қатысуымен дауларды шешу тәжірибесі туралы” баяндама жасады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар еңбек дауларын келісу комиссияларында қарау тәжірибесін, балама әдісті – медиацияны тарта отырып, азаматтық сот ісін жүргізуде, түрлі медиативтік техникалар мен әдістемелерді пайдалана отырып, келіссөздер процесін жүргізу ережесін талқылады.