Қызылордада «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы бастау алды

«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында Қызылорда облысының полиция департаменті мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің «Қамқорлық» дағдарыс орталығында қызмет алушылармен кездесуі өткізілді.

Кездесуге қатысушылар акцияның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсылық білдірудегі белсенділікті арттыруға, қоғам ортасында осы мәселе бойынша ой салуға арналғандығын атап өтті.

Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының жұмыскер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуді жоюды қолдау шаралары туралы ақпаратпен бөлісіп, әйелдерге қатысты жасалатын барлық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ана мен баланы қорғауға бағытталатын шараларды жүргізудің маңыздылығы туралы пікірін білдірді.

Кездесуде акция аясында орталықта қызмет алушы әйелдерге жұмысқа орналасу, заман талабына сай мамандықтарға оқу немесе қайта оқу мүмкіндіктері, мемлекеттік әлеуметтік қолдаулар, құқықтық кеңестер бойынша ақпараттар берілді. Кездесуге қатысушылар халықаралық қозғалыспен ынтымақтастығы мен акцияға үн қосу белгісі ретінде күлгін түсті шарлар үрлеп, күлгін түсті қағаздардан қолдау сәлемін кескіндеді.