Азаматтық Форум әріптестіктің 30 жылдығын қорытындылады

«Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі 30 жыл» тақырыбымен Қазақстанның Х Азаматтық Форумы өз жұмысын қорытындылады. Форумның қорытынды пленарлық отырысының модераторы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бес күн бойы жалғасқан азаматтық қоғам мен мемлекеттің, бизнестің пікір алмасар ашық алаңының нәтижелі жұмыстарын атап өтті.

Шара барысында Форум қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаетың жолдаған құттықтауын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев жеткізді. Форумға Халықаралық ұйым өкілдері, Қазақстандық үкіметтік емес ұйым жетекшілері, қоғам белсенділері, өңірлерден қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік органдар басшылары онлайн қатысты.

Қызылорда облысынан Форумға қатысқан кәсіподақтар орталығының бас маманы Майра Боранбаева өңірлік деңгейде форумның қорытынды бөлімінде «Аймақта ең өзекті саналатын экология мәселесін атап өткім келеді, сонымен қатар, еңбек саласындағы тәуекелдер, ол – жұмыссыздық проблемасы, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында жұмыстар жалғасуы қажет. Форумда Қазақстандық азаматтардың тұрақты өміріне жағдай жасауға, адамзаттың әлемдік проблемалары зардаптарын азайтуға бағытталған жұмыстарын азаматтық сектор потенциалымен жетілдіру бойынша ұтқыр ұсынымдар жеткізілді деп сенемін», – деп өз пікірін білдірді.