Әлеуметтік әріптестік еңбек қатынастарын реттейді

Ақтөбеде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Г.Сисенова, «Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Асхат Кубенов, ҚР Тұрғын-үй шаруашылығы мен құрылыс саласы еңбеккерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Қуанбай Коктов, бөлім басшылары мен жұмыс берушілер қатысты.

Үшжақты комиссия отырысында қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік инфрақұрылымдарды бейімдеу жөніндегі шаралар жан-жақты қарастырылды.

Үшжақты комиссия аясында әртүрлі сала басшыларының қатысуымен қала аумағында әлеуметтік шиеленістің, еңбек жанжалдарының алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, өндірістердегі жарақаттанудың алдын-алу мақсатында ауқымды істер атқарылып келеді. Жиында «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды 115 адам аяқтап, оның ішінде 98 адам тұрақты жұмысқа орналасқаны және 10 адамның мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болғаны хабардар етілді. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында 102 адамға шағын несие беріліп, 106 жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына 216 адам бағытталған. Осы жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау – басты мәселе.

Кәсіподақ өкілдері комиссия отырысында ҚР еңбек заңнамасына сәйкес жұмыскерлермен еңбек шартын жасасу, жұмысшыларға жалақыны уақтылы төлеу туралы да айтты.

Комиссия отырысы соңында нақты тапсырмалар жүктелді.