Кәсіподақ еңбек ардагерлерін құттықтады

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еңбек ардагерлері марапатталды.

Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А. Әмірғалиев пен ҚР Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің Салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалы төрағасы Т. Сұлтанғалиев «Бар саналы ғұмырларын ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге арнаған, жұмыстағы табандылығы мен еңбекқорлығы арқылы көпке үлгі болған азаматтарды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етуіміз керек. Кәсіподақ әркез еңбек адамының мерейін көтеруге тырысады. Кәсіподақ еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетуді парыз санайды. Біз үшін адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ», – деп атап өтті.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы шаруашылықтарда ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан Жұмабай Орынбасаров пен Жетікөл ауылында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен еңбек ардагері Түлкібай Сәдірбаевке «Құрметті ардагер» төсбелгісі табыс етілді.

«Бүгін күн мен үшін ерекше мереке. Тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізгеніміз жоқ. Адал еңбек етіп, ел мерейін көтеруге үлес қосқан аға буынға құрмет көрсетіп жатқан кәсіподаққа үлкен ризашылығымды білдіремін. Еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігі баянды болсын», – деп алғысын білдірді еңбек ардагері Жұмабай Орынбасаров.