Кәсіподақ қолдауымен «Ұстаз барысы» турнирі өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданынында «Ұстаз барысы» атты турнир ұйымдастырылды.

Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының демеушілігімен өткен жарысқа 40 ұстаз-палуан қатысты.

Сайыс мақсаты – елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту, қазақ күресін насихаттау, педагогтар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жалпы ұстаздар арасында достық пен өзара татулық қатынастарды нығайту.

Мұғалімдер боз кілемде белдесіп, күші басым түскендер жүлделі орындарды олжалады.

Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Н.Нажмадинов, білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов және кәсіподақ ұйымының төрағасы З.Бекетов құттықтап, шипажайға жолдама, кубок, медаль және диплом табыстады. «Ұстаз барысы» атанған палуанға жарыстың облыстық кезеңіне жолдама берілді.