Тұрмыстық зомбылыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті

2021 жылғы 3 желтоқсанда “Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн” Халықаралық акциясы аясында Павлодар қаласының №32 орта мектебі оқушыларының ата-аналар қауымы үшін “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел спикерлері ретінде Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы К.Темірова, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығының басшысы М.Иванова, Павлодар қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Б.Турсаринова, психолог С.Гринченко сөз сөйледі.

Іс-шараның негізгі мақсаты қалың жұртшылықты әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жолын кесуге және отбасының қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған шаралармен таныстыру болып табылады.

Акцияны қолдау және Қазақстанда “Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы” ХЕҰ №190 Конвенциясының қағидаттарын ілгерілету мақсатында спикер М.Иванова қатысушылардың назарына әйелдер еңбегінің ерекшеліктерін реттейтін еңбек заңнамасының ережелерін жеткізді және Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығының құқықтық көмек алу және медиацияның баламалы тәсілін қолдану арқылы даулы жағдайларды шешу жөніндегі жұмысы туралы айтты.

“Даулы жағдайларды жедел шешу, өтеусіз заң көмегін алу мақсатында кәсіподақ мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының заң клиникасының филиалына Павлодар қ. Жеңіс алаңы 3, 2а мекенжайы бойынша және жедел желі телефоны 87088614656 бойынша 24/7 режимінде жүгіне алады”, – деп атап өтті М.Иванова.