Қауіпсіз еңбек – қоғамның табысты дамуының іргетасы

2021 жылғы 25 қарашада Павлодар облысында 2021-2023 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі “Қауіпсіз еңбек” бағдарламасы бекітілді.

Бағдарлама өндірістік жарақаттану, кәсіптік аурулар, өндірісте адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалар деңгейін төмендетуге және еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.

Бағдарламада жергілікті атқарушы орган – Павлодар облысы әкімдігінің, жұмыс берушілер өкілдерінің және жұмыскерлер өкілдерінің нысаналы индикаторларды орындау үшін келісілген іс-қимылдарын әзірлеу арқылы өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендету үрдісін бекіту көзделеді.

Бағдарлама 2021-2023 жылдар кезеңінде ұйымда еңбекті қорғауды басқару жүйесін (ЕҚБЖ) құру және енгізу, еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың профилактикасы жөніндегі іс-шараларды өткізу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұмыс берушінің қызметін декларациялау, өндірістік кеңестің жұмысын ұйымдастыру, өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын айқындады.

Бүгінде облыс кәсіпорындарында еңбекті қорғау жағдайына қоғамдық бақылауды кәсіподақ ұйымдары сайлаған 840 өндірістік кеңес құрамындағы 1227 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор жүзеге асырады.

Әлеуметтік әріптестермен бірлесіп жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдары кәсіпорындар мен ұйымдарда “Халықтық бақылау” жобасын енгізу және “ViziоnZего” нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылу, “Қазақстан Республикасында 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі Жол картасын” іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Павлодар облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің бастамасы бойынша тұрақты негізде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік және салалық комиссиялардың отырыстарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға байланысты мәселелер қаралады.