Ұлттық киноны қолдау орталығында бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының филиалында бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.

2019 жылы құрылған Ұлттық киноны қолдау орталығы еліміздің бірегей тарихи-мәдени мұрасын, тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғаларды танымал етуге, әлемдік кеңістікте отандық тарихты, мәдениет пен өнерді танытатын жарқын көркем бейнелер жасайтын деректі және көркем фильмдердің ауқымды жобаларын дайындауға баса назар аударады.

Сонымен қатар, орталық ұлттық кинематографияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық мүдделерге сай келетін сапалы фильмдер түсіру, елімізде және шетелдерде ұлттық киноны танымал ету қызметімен айналысады. Орталықтың бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

Бастауыш кәсіподақ ұйымын құру мәселесі бойынша өткізілген жиынға Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев арнайы келіп, қолдау танытты.

Бүгінде орталықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында 30 адам еңбек етеді. Бақытжан Жөкебаев бірауыздан кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының өкілдері кәсіподақ қызметіне қатысты түсіндірме беріп, сұрақтарына жауап берді.