Ұстаз – ұлы есім

Ұстаздар әулетінің негізін салушы Бақытжан Валиев – Тасқала ауданының Қ.И.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі.

40 жылдық еңбек өтілінде математика пәнін оқушылар арасында жаңа деңгейге көтеру мақсатында айтулы қызмет жасады. Соның ішінде облыс көлемінде «2010 жылғы тест есептерінің шешімдер жинағы», «Логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу жолдары» және «Математика сабақтарында оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыландыру», аудан көлемінде «Математика пәнінен сыныптан тыс шаралар жинағы» атты жұмыстары таратылды. Облыстық педагог кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының 2011 жылғы ақпан айындағы математика мұғалімдерінің білімн жетілдіру курсында «2010 жылғы тест есептерінің шешімдері» тақырыбында жұмысын қорғап, әріптестерімен өзінің іс-тәжірибесін бөлісті.

Бақытжан Ғаббасұлы – егеменді еліміздің ертеңі болар өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жаңаша үрдіспен жұмыс атқаратын, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, шығармашылық ізденімпаздықпен дараланатын, жұмыс барысында теориялық білімін жан-жақты көрсете білетін ұстаздардың бірі. Білім саласына қосқан елеулі еңбегі үшін Тасқала аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен», Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», Батыс Қазақстан облыс әкімінің алғыс хатымен, Республикалық ұстаздар сайтында көрсеткен белсендігі үшін USTAZ tilegi сайтының «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

Бақытжан Ғаббасұлының жолдасы  Үміт Валиева – Тасқала ауданының Қ.И.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің жоғары санатты және педагог-зерттеуші санатты математика пәнінің мұғалімі.

Үміт Валиева көп жылдар бойы «Жас маман» мектебіне жетекшілік етіп, жас ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс жасауына көмектесіп келеді. Өз пәні бойынша жинақталған материалдары, әдістемелік тақырыбын жетілдірудегі үнемі ізденістері – мұғалім жұмысының басты шарттары. «Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар», «Әке жолы – ізгіліктің іздері» және облыстық басылымда «Жайық ұстазы», «Елбасы – кемеңгер көшбасшы», «Ұстаз», «Үшбұрыштың түрлері» тақырыбында мақалалары жарияланды.

Ұстаздар отбасында дүниеге келген үш қыз да осы саланың майталмандары. Бақытжан Ғаббасұлы мен Үміт Валиеваның тұңғыштары Валиева Самал Бақытжанқызы Тасқала ауданының “Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті” мекемесінде қызмет атқарады. Одан кейінгі қыздары Тасқала аудандық колледжінде Жадыра Бақытжанқызы – физика, математика және информатика пәнінің мұғалімі. Кіші қыздары да математика пәнін оқытуда өз үлесін қосып, қазіргі таңда №27 мектепте ұстаздық қызмет атқарады.

“Ұстаздан шәкірт озар” ұғымының дәлелі ретінде, бүгінде сан мыңдаған шәкірттер математикаға даген сүйінспеншілігі оянып, өзінің еңбек жолын осы арнаға бұрып келеді. Бұл мұғалім үшін – еңбегінің айқын жемісі.

Еңбек әулеті әркез кәсіподақ қызметіне белсене араласып келеді. Білім саласы қызметкерлерінің спартакиадаларына қатысып, үздіктер қатарынан танылуда. Сонымен қатар, белсенді қызметтері үшін алғыс хаттармен марапатталған.

«Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу», – бұл Валиевтер әулетінің елге қызмет, білім саласы, ұлт тәрбиесі жолындағы өмірлік ұстанымы.