«ҚуатАмлонМұнай» компаниясында жұмыскерлердің талаптары бойынша кездесу өтті

«ҚуатАмлонМұнай» компаниясында жұмыскерлердің жалақыны көтеру туралы талаптары бойынша кездесу өтті. Кездесуге аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқарамасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева, компания басшылары, компанияның кәсіподақ төрағасы Айбек Әбдреев және екі ауысымдағы вахталық жұмыскерлер қатысты.

Жұмыс берушілер жалақыны көбейту орнына Ұжымдық шартта қаралған мерекелік сыйақыларға қоса бірреттік 50 мың теңге көлемінде сыйақы беру туралы шешімдерін алға тартты. Алайда, жыл басынан созбалаңға түскен жалақыны көбейтуді қарастыру бойынша жұмыс берушінің аталған шешіміне жұмыскерлер наразылық білдірді.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов компания басшыларын жұмыскерлердің ұжымдық талап-арыздарына сәйкес Ұжымдық шартта қаралған сыйақыларды уақтылы төлеуге және компанияның қаржылық мүмкіндігіне қарай жұмыскерлердің жалақысын көбейту туралы шұғыл шешім қабылдауға шақырды.

Облыстық еңбек саласын бақылау басқарамасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева Ұжымдық шарттың орындалуы мен жалақыны жыл сайынғы индексациялауды келісімге енгізу туралы ұсынымдарын жеткізді.

Кездесу барысында компания басшылығы тарапынан жұмыскерлер талаптарына селқостық байқалды, жұмыс берушілер өкілдері компанияның қаржылық жағдайына қатысты уәжді мәліметтерін ұсына алмады.

Кездесуде тараптардың келісіміне қол жеткізілмеуіне байланысты мәселені 9 желтоқсан күні қайта қарау ұсынылды.