Еңбекақы жүйесін заңнамалық деңгейде жетілдіру мәселелері талқыланды

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мүшелік ұйымдар басшыларымен бейнеконференцбайланыс режимінде кеңейтілген отырыс өткізді.

Мәжіліс барысында Федерациямен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның ағымдағы жылдың 20 қаңтарында өткен отырысында ұсынылған еңбекақы жүйесін заңнамалық деңгейде жетілдіру мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, жұмыс беруші тарапынан еңбекақыны төлеу кешіктірілген жағдайда жұмысшының құқығын қорғау, ұжымдық шартта еңбекақы көлемін индекстеу талабын қарастыру, ең төменгі еңбекақы мөлшерін анықтау, оны ең төменгі тұтыну себетiмен байланыстыру сияқты мәселелер бойынша бірегей ұсыныс қалыптастыру үшін Федерацияның мүшелік ұйымдарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Сонымен қатар, мәжіліс барысында Федерацияға салалық кәсіподақтар мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінен келіп түскен жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, қолайлы еңбек жағдайларын жасау, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары және заңды мүдделерін қорғау бойынша ұсыныстары қаралды.

Бүгінгі күнге дейін орын алған еңбек дауларында жұмысшылардың тарапынан көтерілетін бірінші мәселе – еңбекақы мөлшерін көбейту. Осыдан кейін жұмыс жағдайларын жақсарту, қауіпсіз еңбек және еңбекті қорғау талаптарын сақтау, әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету сияқты талаптар тұрады.

Федерацияның мүшелік ұйымдары тарапынан еңбекақы мөлшерін анықтау барысында жұмысшылардың пікірін ескеру, кәсіподақтың өндіріс барысына, кірістерді бөлуге қатысуын көздейтін нормаларды қолданыстағы заңнамаға енгізу, мемлекет тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайларына бақылауды күшейту сияқты ұсыныстар келтірілді.