ҚРКФ төрағасы: «Кәсіподақтар жоқ ұйымдарда ұжымдық шарттар декларативті сипатқа ие»

Сәрсенбі, 2 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.

Отырыс барысында Алматы қаласы кәсіподақтарының 2021 жылғы қызметінің қорытындылары қаралып, 2022 жылға арналған міндеттер анықталды.

Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Зәуреш Өмірбаева Кәсіподақтар орталығының өткен жылғы жұмысы туралы баяндамасында ҚРКФ 2020-2025 жылдарға арналған қызмет стратегиясында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру шаралары туралы айтты.

Оның айтуынша, қаланың кәсіподақ ұйымдары Кәсіподақтар федерациясының байқаулары мен жобаларына белсенді қатысқан.

Осылайша, ҚРКФ «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында 2021 жылы қаланың бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 65 кездесу өткізілді, оның ішінде, Кәсіподақтар федерациясы басшылығының қатысуымен өтті.

«Акция қатардағы кәсіподақ мүшелеріне ҚРКФ басшылығы, депутаттар мен жұмыс берушілер алдында өзекті мәселелерді ашық көтеруге мүмкіндік берді. Ең жиі қойылатын сұрақтар жалақыны көтеру және индекстеу болды. Еңбек ұжымдарымен кездесулердің қорытындысы бойынша барлық жағдайда жұмыс берушілермен келісілген шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік туды», – деді Зәуреш Өмірбаева.

Кәсіподақтар орталығы жұмысының басым бағыттарының ішінде әлеуметтік әріптестікті дамыту шараларын атап өтті.

«2021 жылдың 20 сәуірінде 2021-2023 жылдарға арналған Аймақтық үшжақты келісімге қол қойылды. Білім беру саласындағы кәсіподақ көшбасшыларының күш-жігерінің арқасында Алматы қаласы Білім басқармасы, «Ұстаз» қалалық жергілікті кәсіподақ ұйымы және Алматы қалалық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы арасындағы аймақтық салалық келісімде жұмыс беруші мен жұмыскерге байланысты емес себептермен жұмыс тоқтап тұрған уақытты толық көлемде төлеу нормалары қарастырылған. Республикалық салалық келісімде бұл норма жалақының 50 пайызы мөлшерінде төлемді қарастырады», – деп атап өтті Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Оның айтуынша, өткен жылы өңірлік үшжақты комиссияның 25 отырысы өтіп, оның барысында Кәсіподақтар орталығы өндірістік жарақаттардың алдын алу, ұжымдық шарттар жасасу сынды мәселелерді қарауға бастамашы болды.

Кәсіподақтар орталығының мәліметінше, Алматы қаласындағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды ұжымдық шарттармен қамту 31,7% құраса, республикалық орташа көрсеткіш 46,4% құрап отыр.

«Кәсіподақ комитеттері жұмыс орындарында ұжымдық шарттар мазмұнының сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне төтенше жағдай кезінде кәсіпорындардың жұмысын ұйымдастыру, жұмысшылардың жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеу, жұмыс істейтін көпбалалы аналардың және аз қамтылған отбасылардың материалдық жағдайын жақсарту мақсатында өзгерістер енгізілді», – деді Зәуреш Өмірбаева.

Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі мәселелерінің ерекше маңыздылығы атап өтілді. Кәсіпорындардағы еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйін қанағаттанарлық деп санауға болмайтыны айтылды.

Өткен жылы Алматыда 104 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 107 адам зардап шексе, оның 8-і қайтыс болды.

Бұл ретте кәсіподақ бар кәсіпорындарда жеңіл дәрежелі жарақат алған 20 оқиға болған.

«Қала кәсіподақтары жарақат алудың барлық фактілерін тергеуге қатысты, зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілді. Кәсіподақтар орталығы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, 2021-2023 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» өңірлік бағдарламасын қабылдады. Қала кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 582 өндірістік кеңес құрылып, оларда 815 техникалық еңбек инспекторы бақылауды жүзеге асырады», – деді Алматы қалалық Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Еңбек дауларының алдын алу және шешу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Зәуреш Өмірбаеваның айтуынша, Алматы қаласының Кәсіподақтар орталығы мониторингтік топтың жұмысына қатысады.

«2021 жылы 13 кәсіпорында әлеуметтік шиеленіс қаупі тіркелді, бірақ еңбек дауының туындауына жол берілген жоқ. Туындаған тәуекелдердің негізгі факторлары жалақы мәселелері, қызметкерлерді жұмыстан шығару және еңбек шартының талаптарымен келіспеушілік болды. Бұл кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымдары жоқ. Кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындарда әлеуметтік шиеленіс ошақтарының пайда болу қаупі жоқ», – деп атап өтті Зәуреш Өмірбаева.

Кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету аясында қаланың кәсіподақ ұйымдары ұжымдық келіссөздер процесіне қатысып, құқықтық кеңестер жүргізеді. Кәсіподақтар орталығының базасында сенім телефоны, «Татуласу орталығы» және “Заң клиникасының” қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді.

Жиын барысында салалар бойынша жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері туралы тиісті баяндамалармен «Ұстаз» қалалық жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Серікжан Байгуттинов,

«Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ филиалының төрағасы Данагүл Хинкулова және «Серіктес» жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Сабыржан Қали сөйледі.

Отырысты қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Үйлестіру кеңесі мүшелерінің алдына бірқатар басым міндеттер қойды.

ҚРКФ басшысы кәсіподақтар қозғалысы мүшелеріне барлық кәсіподақ қызметінің негізі Еңбек адамының игілігі екенін еске салды.

«Біз өзіміздің барлық іс-әрекеттерімізді адамдардың әлеуметтік әл-ауқатының призмасы арқылы қарауымыз керек. Кәсіподақтар федерациясы өз қадамдарын қарапайым еңбеккердің нақты қажеттіліктерімен, мұқтаждықтарымен салыстырып қарайды. Біздің қызметіміздің ашықтығы мәселесі кәсіподақтар үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бүгінгі күні кәсіподақтар кірістер мен шығыстардың ашықтығын, кәсіподақ көшбасшыларын сайлауды қамтамасыз етуге және еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде кездесулер өткізуге бағытталған. Біз кәсіподақ мүшелерін өз жұмысымыздың нәтижелері туралы жүйелі түрде хабардар етеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Федерация төрағасы еңбеккерлердің өмір сүру деңгейін арттыру аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейтіп, ұжымдық шарттардың сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіподақтардың міндеті – бастауыш буынға сапалы ұжымдық шарттар жасасуға барынша көмектесу. Адамдарды келіссөздер жүргізуге және келіссөздер процесіне өздері қатысуға үйрету керек. Кәсіподақтар федерациясы ұжымдық шарттар жасасу стандарттарын әзірлеуде, онда ең маңызды әлеуметтік кепілдіктер көрсетіледі. Жұмыскерлер кәсіподақтардың шынайы қолдауын сезінуі тиіс», – деп қосты Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ басшысы жұмыскерлердің әл-ауқатын арттыру мәселелерін заңнамалық реттеу бойынша Кәсіподақтар федерациясының бірқатар бастамаларын мәлімдеді және әріптестерін Қазақстанда жаңа әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыру бойынша жүйелі шараларды ілгерілетуде кәсіподақ бірлігін нығайтуға шақырды.

«Қазақстан Президенті жаңа экономикалық саясатты енгізу туралы бастама көтерді. Кәсіподақтар бұл үдеріске іс жүзінде атсалысуы керек», – деді Сатыбалды Дәудеталин.

Атап өткендей, Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы төлеу жүйесін анықтау механизмдерін қайта қарауды ұсынып отыр. ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес қызметкердің жалақысы еңбек шартының, ұжымдық шарттардың және жұмыс берушінің актілерінің жағдайларымен айқындалатын жұмыс берушідегі қолданыстағы еңбекке ақы төлеу жүйелеріне сәйкес еңбек шартында белгіленеді.

«Ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеу жүйесі және жұмыс берушінің актілері туралы ережелер қамтылуы тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл механизм тиімсіз. Кәсіподақ жоқ ұйымдарда жұмыс берушінің қызметкерге ықпалы бар және жасалған ұжымдық шарттар декларативті сипатқа ие. Елімізде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 25-30 мыңға жуығына кәсіподақтар қол қойған. Қалғандарының мазмұны сұрақ тудырады. ҚР Еңбек кодексіне қызметкерлер өкілдерінің келісімі бойынша еңбекақы төлеу жүйесін айқындайтын жұмыс берушінің актілерін шығару мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді ұсынамыз», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

ҚРКФ ұсыныстарының бір бөлігі жалақының ең төмен мөлшерін анықтау жүйесіндегі құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған.

Сатыбалды Дәулеталин тиісті әдістемелерді әзірлеп, ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялау қажеттігін атап өтті.

«Биылғы жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл шара 1 миллионнан астам адамды қамтиды. Мәселе – елімізде ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесінің жоқтығында. Бұл көрсеткішті қалыптастыру мен бекітудің нақты және түсінікті ережелері болуы қажет. Бізге кезең-кезеңмен халықаралық стандарттарға көшу керек», – деп есептейді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен разрядаралық және салалық арттырушы коэффициенттердің мөлшерін анықтау тәртібін реттеу туралы бастама көтерді.
Ұсынылып отырған шаралар кешені еңбекақыны индекстеу, жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы табыс айырмашылығын азайту, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қайта қарау, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіпорынды басқаруға қатысуы және жұмыскердің жалақысының кешіктірілуіне байланысты жұмысын тоқтату құқығын бекіту мәселелерін заңнамалық реттеумен де байланысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы